Едіге Қасымбек әлем чемпионы атанды. Спорт жаңалықтары

  • 14
  • 19.08.2025, 18:59

Болгарияның Самоков қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем біріншілігі өтіп жатыр. Кеше еркін күрес шебері Едіге Қасымбек әлем чемпионы атанса, бүгінде қоржынымызға алтын түсуі әбден мүмкін. 92 келі салмақта Камиль Куруглиев алтын үшін өзбек Шерзод Поеновпен айқасады. 

Жарыс шымылдығын еркін күрес шеберлері ашып, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. 125 келіде белдескен Едіге Қасымбек іріктеуден іркілмей өтіп, финалда ирандық Абольфазл Мохаммад Нежадтты 4:1 есебімен сан соқтырды. Едігенің алтынын тарихи жетістік деуге болады. Өйткені тәуелсіздік алған жылдардан бері дәл осы салмақта жастар арасындағы әлем чемпионымыз болмады. Бұған қоса, дәл осы жарыс аясында 97 келідегі Самир Дурсунов пен 74 келідегі Досжан Құлғайып қола жүлде еншіледі. Жалпы алғанда биылғы әлем чемпионаты біз үшін сәтті басталып жатыр. Енді бозкілемге әйелдер күресі және грек-рим күресінің шеберлері шығады. Ел намысын барлығы 29 спортшы қорғайды. Болгариядағы біріншілік 24 тамызға дейін жалғасады. 

Шымкентте спорттық ату түрлерінен Азия біріншілігі басталды.

Құрлық додасына 27 елден 800-ге жуық сұрмерген келіпті. Енді олар екі апта бойы өзара мықтыны анықтайды. Жарыс 2 бағыт бойынша өтеді. Яғни мергендер ашық аспан астында стенд ату және жабық спорт кешенінде нысана көздейді. 3 бірдей жас деңгейі қамтылған. Жасөспірімдер, жастар және ересектер сынға түседі. Сарапқа салынатын медальдар саны – 700. Қазақстандық қыз-жігіттер үшін өз елімізде өтіп жатқан жарыс тәжірибе жинап, шеберлік шыңдауға жақсы мүмкіндік. Бұған қоса, мамандар ұлттық құрамадан жоғары, тарихи нәтиже күтеді. Мергендеріміз мүлт кетпейді деген үміттеміз.

Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық боксшылар анықталды.

Қыркүйек айында ағылшындардың Ливерпуль қаласында өтетін дүниежүзілік жарысқа баратын боксшы жігіттер белгілі. Олар 50 келіде Санжар Тәшкенбай мен 55-те Махмұд Сабырхан, 60-та Бибарыс Жексен мен 65-те Ертуған Зейнуллинов, 70-те Төрехан Сабырхан мен 75-те Сабыржан Аққалықов, 80-де Нұрбек Оралбай мен 85-те Бекзат Нұрдәулетов, 90-да Сағындық Тоғамбай және ең ауыр салмақта Айбек Оралбай ел намысын қорғайды. Осы жігіттердің арасында Махмұд пен Санжарға және Бекзат пен Нұрбекке екі дүркін әлем чемпионы атанатын мүмкіндік бар. Өзге жігіттердің де осалы жоқ. Ең бастысы былғары қолғап шеберлері бабында барып, жалынды жекпе-жек көрсетсе болғаны. Қазіргі таңда Қайрат Сәтжанов шәкірттері қызу дайындық үстінде. Жігіттер жерге қаратпайды деген ойдамыз