Болгарияның Самоков қаласында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылардың әлем біріншілігі өтіп жатыр. Кеше әйелдер күресінде 57 келіге дейін салмақта жерлесіміз Анна Стратан қола жүлдеге қол жеткізді. Ол шешуші белдесуде швециялық Тиндра Дальмирді 9:1 есебімен ұтты.
Төрт мықты түгенделді
Алматы облысы Талғар қаласында көкпардан жасөсіпірімдер арасындағы ел біріншілігі мәреге таяп қалды. Бірақ дәл қазір қай команданың топ жарарын дөп басып айту қиын. Өйткені жартылай финалға жолдама алған төрттіктің осалы жоқ. Іріктеуде және ширек финалда қарсыластарын ірі есеппен ұтқан Алматы мен Түркістан және Жамбыл мен Орал командалары нағыз бабында келіпті. Жас жеткіншектердің тақымы да, астындағы аттары да мықты екен. Жеребе тартылып, жартылай финалдық жұптар да анықталды.
Алматылықтар Жамбыл облысымен финалдық жолдамаға таласса, Түркістан мен Жайық жағасынан келген жігіттер өзара кім мықтыны анықтайды. Ел чемпионатының жеңімпаздары 23-ші тамызда белгілі болады.
Мергендеріміз мүлт кеткен жоқ
Дәл соы күндері Шымкент қаласында спорттық ату түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Әлемнің 27 елінен келген 800 ге жуық сұрмерген ашық және жабық кешендердегі сайыстарда жүлделі орындарды сарапқа салуда. Құрлық мықтыларының жарысында қоржынымыз бос қалып жатқан жоқ.
Стенд ату шебері Анастасия Молчанова қола медаль жеңіп алды. Анастасия іріктеу кезеңінде 339 ұпай жинап, финалдық кезеңде тек қытай қыздарына жол беріп қойды. Ал Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеу сайысында жеңімпаз атанды. Ол финалда 250.1 ұпай жинап, қытай мен кореялық қарсыласының алды болды.