«Қайрат» қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөледі

  • 64
  • 27.08.2025, 18:58

«Қайрат» қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Бұл расында алматылық клуб үшін тарихи жеңіс еді. Шотландиялық «Селтиктің» жолын кескен «Қайрат» тұңғыш рет УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Темірланның шеберлігіне тамсанып, Тапаловтардың табанды еңбегіне тәнті болған жұрт таңға дейін көз ілген жоқ. Көгілдір экраннан емес, осынау керемет ойынды көзімен көрген алматылық жанкүйерлердің қуанышы тіпті ерекше болды.

Алатау бөктеріндегі алып шаһар Алматыда кеше ұлан-асыр той болды. Бұл тек жергілікті жанкүйерлер ғана емес, барша қазақ жанкүйерлері көптен күткен жеңіс тойы еді. Соңғы рет 10 жыл бұрын Астана футбол клубы осы биіктен көрінген. Ол кезде Твумаси мен Кабанангалардың көмегіне жүгінсек, бұл жолы Еркін Тапалов пен Дастан Сәтбаев және Темірлан Анарбектер айызымызды қандырды. Әрине басқалардың да еңбегін жоққа шығармаймыз. Десе де, жалынды қазақ жастарының өсіп келе жатқаны жанды жадыратады.  

Рамазан Сұлтанғалиев, футбол жанкүйері:

-Ойын керемет, өте керемет. Жақсы деңгейде өтті. Текетірес жақсы болды. Пенальтиді алып шығатынына барлығы сенді ғой. 130 минут далада бекер тұрған жоқпыз. Алып шықты, жарайсыңдар.

Футбол жанкүйері:

-Қазақ еліне осындай мейрам әкелгеніне үлкен рақмет. Қайрат, алға!

Қайрат қыруар қаржы тапты деп жарыса жазып жатқан жерлестеріміз бар. Мәселе ақшада емес. Маңыздысы елдің абыройы. Қазақ ұлдарының жасыл алаңда жасындай жарқылдауы жас өрендердің де жігерін жани түсетіні анық. Ала допқа арыстанша атылған Темірланның тілеулестері бір түнде бірнеше есеге артты. Тапаловтың жанкештілігі талайға үлгі. Сәтпаевтың секілді сұрмерген болсам дейтін қаракөздердің қатары көбейді. Біздің ұтқан тұсымыз осы. 

Серікбол Құралов, футбол жанкүйері:

-Ойын өте тамаша және әсерлі өтті. Біздің қақпашының арқасында осындай үлкен жеңіске жеттік. Бүкіл Қазақстанды осы үлкен жеңіспен құттықтаймын. Барлығыңызға құтты болсын жеңіс. Өте қуанышты көңіл күйде болдым. Әсіресе, пенальтиден 2:2 болып жатқан кезде өте қатты қуанышты көңіл күйде болдым. 

Жақсының жақсылығын айтуға тиіспіз. Қазақ жастарының биіктен көрінуіне барлық жағдайын жасап беріп отырған клуб қожайыны Қайрат Боранбаевқа да жанкүйерлердің ықыласы ерекше. Осындай жанашыр азаматтар көбейсе, қазақ футболының да көсегесі көгереді. 

Баубек Шұбақов, футбол жанкүйері:

-Бүкіл қазақ еліне жеңіс сыйлап жатқан Қайрат ұжымына көп алғысымды айтамын. Қазақ елі, футбол жасай берсін!  

Осыған дейін бағынбай келген Шотландия асуын алдық. Енді топтық кезеңде айдарынан жел ескен нағыз мықтылар келеді. Темірлан Анарбектер сол кезде де тамаша ойынымен таңдай қақтыра алса қазақ футболшыларына Еуропаның еңселі клубтары құда түсе бастайды. «Қайрат» осылай қайрат көрсетіп, қазақ жанкүйерлерін тағыда қуантады деген сенімдеміз.

Жандос Айтбай