Болгарияның София қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода басталды. Жарыстың алғашқы күні қоржынымызға қола медаль түсті. Оны 50 келіде өнер көрсеткен Арман Мыса жеңіп алды. Ол іріктеу кезеңдерін сәтті өткізіп, тайпейлік, америкалық және әзербайжандық қарсыластарынан басым түсті. Тек жартылай финалда өзбекстандық Хуснуд Султановқа есе жіберді. Ал қола жүлде үшін күресте венгриялық Милан Сабоны ұтты. Әлем чемпионаты әлі де жалғасып жатыр және және қазақстандық қыз-жігіттер жеңіс жолын жалғастырады деген үміт бар. Байрақты бәсекеге 20 спортшымыз барған болатын. Оның 10-ы ұлдар арасында, 10-ы қыздар арасында бақ сынайды. София қаласындағы әлем чемпионатының жалпы қорытындысы 1-ші қыркүйекте белгілі болады
Әлем біріншілігі Қазақстанда өтеді
Әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді. Келер жылы дүниежүзілік сайысын біздің ел ұйымдастыратын болды. Бұл жөнінде Қазақстан спорттық ату федерациясы баспасөз қызметінің басшысы Мәлика Жалилова мәлімдеді.
Қазір Шымкент қаласында осы спорт түрі бойынша Азия чемпионаты өтіп жатыр. Оған 27 елден 800-ге жуық қатысушы келген. Құрлықтық дода қарсаңында Шымкент төріндегі ату алаңы жаңа нысандармен толығып, жабық спорт кешендері және ашық аспан астындағы нысана көздеу алаңдары салынды. Бұған қоса, стенд атуға арналған бірнеше орын қарастырылған. Мұндағы инфрақұрлым және жарысты ұйымдастыру деңгейі халықаралық федерация басшылары мен өкілдерінің көңіліне шығып, алда әлем чемпионатын біздің елде өткізу жөнінде шешім қабылдады.
Мәлика Жалилова, Қазақстан спорттық ату федерациясы баспасөз қызметінің басшысы:
- Халықаралық ату федерациясы 2028 жылға дейін Қазақстанға Азия чемпионаты, әлем чемпионаты және әлем кубогын береміз деген бұйрықты қабылдап қойды. Бірақ қазіргі таңда қай қалаларда өтетінін айта алмаймын. Өйткені келесі жылы әлем кубогы немесе әлем чемпионатын береді. Біз қазір өзіміздің мамандарымызбен соны талқылап жатырмыз. Алматы немесе Шымкент қаласында өтеді.