Футболдан әлем чемпионатының кезекті іріктеу ойындары өтеді. Астанаға Уэльс футболшылары қонаққа келді. Ойынның басталуына бір күн қалды, ал Қазақстан құрамасында әлі капитан жоқ. Бұл жөнінде баспасөз мәслихатында бас бапкер айтыпты.
Асхат Тағыберген кеткелі капитан кім болады деген сауал әлі күн тәртібінде тұр. Ол маңызды емес шығар, жауапты ойындардың алдында жарақат алып қалған жігіттер бар. Сол жағы қиындау болып тұр. Заруский мен Зайнутдинов және Тапаловтар ертеңгі ойынға қатыса алмайды. Темірландар тұрғанда қақпашы мәселесі алаңдатып отырған жоқ. Бақтиярдың да орнын басатын жігіттер бар. Бірақ Еркін ауадай қажет еді. Қолды аяққа тұрмайтын Уэльс шабулшыларын Тапалов тыпыр еткізбеуші еді. Жасыл алаңдағы жанкешті жігіт қой. Тезірек сауығып кетуіне тілекшіміз. Дегенмен өзге жігіттер де аянып қалмайды деген ойдамыз. Өйткені ертеңгі ойынның жауапкершілігі өте жоғары. Жеңіліп жатсақ, жолдамадан күдер үземіз. Ал үш ұпай алсақ, үміт оты қайта жанады. Ендеше ұлттық құрамаға келген жігіттер ұлтқа үміт сыйлау үшін жасыл алаңда жан аяп қалмайды деген сенімдеміз.