Ливерпульда бокстан дүниежүзілік дода басталды. Спорт жаңалықтары

  • 9
  • 04.09.2025, 20:00

17 жастағы қазақ теннисшісі Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы АҚШ ашық біріншілігінде сенсация жасады. Заңғар әлемдік рейтингіде өзінен әлдеқайда жоғары тұрған мықтыларды сан соқтырып кетті. Осылайша қандасымыз тұңғыш рет үлкен дулыға жарыстарының ширек финалына шығып отыр. Енді Заңғар Нұрланұлы ресейлік Тимофей Дерепаскомен жартылай финалдық жолдаманы сарапқа салады. 

Ағылшындардың Ливерпуль қаласында бокстан дүниежүзілік дода басталды. Енді тақым қысып, тұманды альбионда жүрген спортшыларымыздың тілеуін тілеп отырамыз. Кеше жеребе тартылып әлемнің 68 елінен келген 554 үміткер өз қарсыластарын білді. Күндізгі жарыс кестесі Астана уақыты бойынша 15:00-де басталса кешкі сессия 22:00-де. Әлем чемпионатының бірінші күні шаршы алаңға екі бірдей жерлесіміз шығады. Яғни кешкі жарыс кестесінде қыздар арасында 54 келі салмақта Элина Базарова өзбек қызымен қолғап түйістірсе, 90 келіде Сағындық Тоғамбай шаршы алаң иесіне қарсы тұрады.  Естеріңізге салайық бұл World Boxing ұйымының өткізіп отырған алғашқы әлем чемпионаты. Қазақ елінен барған қыз-жігіттерге сәттілік серік болсын дейміз.

Теннистен Америка ашық біріншілігі шарықтау шегіне жетті.

Жартылай финалға жолдама алған 4 мықты анықталды. Олар Алькарас пен Джокович және Синнер Оже-Альяссим. Өткен жылы қарсылас шақ келтірмеген Италия теннисшісі Янник Синнердің биылғы қарқыны да сойқан. Қарсыластарының бәрін ірі есеппен іремей сойып келеді. Төртінші айналымда Бубликке бас көтертпеген әлемнің бірінші ракеткасы кеше өз отандасы Лоренцо Музеттидің де тас талқанын шығарды. Есеп 6:1, 6:4, 6:2. Енді Янник Синнер жартылай финалда Канадалық Феликс Оже-Альяссиммен кездеседі. Өткен жылы алғашқы айналымда-ақ аттан ауып қалған уйеңкі жапырақты елдің өкілі биыл үлкен дайындықпен келіпті. Немістер үкілеген Зверевтен айласын асырған Альяссим енді Синнерді тақтан тайдыра ала ма? Оны ертең білетін боламыз.