Ливерпульда бокстан әлем біріншілігі жалғасып жатыр

  • 23
  • 08.09.2025, 19:55

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан әлем біріншілігі жалғасып жатыр. Әзірше екі боксшымыз ғана жарыс жолынан шығып қалды. Олар қыздар арасында Элина Базарова мен Надежда Рябец. Ал жексенбі күні шаршы алаңға шыққан жерлестеріміздің барлығы жеңіске жетті. Бүгін жеті боксшымыз жұдырықтасады.  

World boxing туы астында өтіп жатқан бірінші әлем чемпионатының төрт күні артта қалды. Әзірше іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Төрткүлдүниенің төрт бұрышынан келген былғары қолғап шеберлерінің осалы жоқ. Сондықтан күн ерте кімнің топ жарарын дөп басып айту қиын. Әзірше қазақ елінің ұл-қыздары намысты қолдан беріп жатқан жоқ. Тек қыздарымыздың екеуі жарысты ерте аяқтады демесеңіз, өзгелері алғашқы қарсыластарын айқын ұтып жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Бір қуантарлығы біздің боксшылар шет мемлекетте де қолдаусыз қалмады. Ағылшын жерінде тұратын азаматтарымыз Ливерпульге арнайы келіп жерлестерімізге жанкүйерлік етуде. 

Ливерпульде өтіп жатқан дүниежүзілік жарыс енді қызады. Өйткені бабы келмегендер жарыс жолынан шығып, мықтылар бір-бірімен айқасатын күндер алда. Міне сол кезде шаршы алаңдағы әрбір кездесу тартысқа толы болмақ. Қазақстан бокс федерциясының мамандары біздің қыз-жігіттер сол сұрапыл айқастарға тас-түйін дайын дегенді айтады. 

Кеше Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбайдың, Карина Ибрагимова мен Наталья Богданованың және Ертуған Зейнуллиновтардың жеңісіне куә болдық. Бүгін жеті бірдей жерлесіміз шаршы алаңға шығады. Олардың арасында Гүлсая Ержан мен Сабыржан Аққалықов және Айбек Оралбайлар әлем чемпионатындағы алғашқы кездесулерін өткізсе, Төрехан Сабырхан мен Бейбарыс Жексен, Сағындық Тоғамбай мен қыздар арасында Аида Әбікеевалар екінші рет Ливерпуль шаршы алаңына шыққалы отыр. Қазақ боксшыларына сәттілік серік болсын!

Жандос Айтбай