Астанадағы «Алау» спорт кешенінде шорт-тректен ел біріншілігі басталды. Бұл сынға барлық мықтылар келді, тек тәжірибелі спортшылардың бірі Денис Никиша қатыспайды екен. Оның себебін бас бапкер Петр Гамидов былай түсіндірді.
Петр Гамидов, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Бізде ішкі ереже бар, соған сәйкес әлем чемпионатының жүлдегеріне ұлттық құрамаға кіретін жеңілдік бар. Бұл негізі команданы және қалған жігіттерді ынталандыру үшін жасалған дүние.
Ынталандырудың басқа да жолдары бар. Ішкі жарыстарға шекеден қарауға болмайды. Өсіп келе жатқан жастардың ішінде таланттар бар. Олар да мықтыларға қарап бой түзейді. Солармен жарысып ысылады және тәжірибесін толықтырады. Сондықтан Денис қанша жерден мықты болса да ұлттық біріншілікке құрметпен қарап, жарыс жолына шығуы керек деп есептейміз. Біріншілікке келер болсақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70-тен аса үміткер бірнеше қашықтық бойынша бақ сынайды. Үздік шыққандар ұлттық құрама сапына алынып, Канада мен Еуропа елдерінде өтетін әлем кубогі жолындағы жарыстарда ел намысын қорғайды.