Қазақ боксы ағылшын жерінде абыройымызды асқақтатып, беделімізді биіктеткені айдан анық. Көк туымыз тұманды альбион төрінде жеті мәрте көтеріліп, әнұранымыз Ливерпуль аспанында қалықтап жатты. 65 елдің кіл мықтылары қатысқан байрақты бәсекеде Қазақ елінің құрамасы жеті алтынмен жалпы командалық есепте бірінші орыннан көрінді. Одан бөлек қазақ боксының жаңа тарих беттері ашылды.
Қазақ боксшылары сыйлаған қуаныштың ыстық лебі әлі басылмай тұр. Расында, қайтпас-қайсар ұл-қыздарымыз 10 күн бойы Ливерпуль шаршы алаңында дауыл тұрғызды. Әлем халқы қазақ бокс өнерінің кереметіне куә болып, талантты спортшыларымыздың шеберлігіне таңдай қақты. Әсіресе бір отбасыдан шыққан қос чемпион Махмұд пен Төрехан Сабырхандар тарих жасады. Олар мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Енді олимп шыңына бірге шықсақ деп армандайды.
Махмұд Сабырхан, екі дүркін әлем чемпионы:
-Қарсыластарын атойлап жүріп ұтып, екі дүркін әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбайдың жекпе-жектері де жұрттың айызын қандырды. Аса ауыр салмақта алтын бұйырмай жүр еді, осы олқылықтың орнын Айбек Оралбай толтырды. Алыптар айқасында қарсыласымен арыстанша айқасқан қазақ ұлы әлем чемпионатының әдемі нүктесін қойып берді.
Айбек Оралбай, әлем чемпионы:
-Ел намысы таразыға тартылған тұста төзім мен табандылық танытқан, қазақтың қайсар да жігер мінезді қыздары туралы бөле-жара айтсақ болады. Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева мен Наталья Богдановалар елдегі қыздар боксының деңгейі қай биікте екенін тағы бір мәрте дәледеді. Шәкірттерінің шеберлігін шыңдап, жігерін жани білген бапкерлер құрамына да жанкүйерлердің ықыласы ерекше.
Әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша тек 15 елдің былғары қолғап шеберлеріне ғана медаль бұйырды. Топ басында әрине қазақ боксшылары. Қоржынымызда 7 алтын, 1 күміс, 2 қола. Көрсеткішке қарасаң көзің тояды. Дегенмен тоқмейілсуге тағы болмайды. Алда әлі талай жарыстар тосып тұр.
Осылайша World boxing ұйымдастырған тұңғыш әлем біріншілігі ел спортының тарихында мәңгі қалары сөзсіз. Шың басына шығу оңай шаруа емес. Орың артында қаншама қиындықтар мен ерен еңбек жатыр. Биікке шыққан ұл-қыздарымыз енді аласармауы тиіс. Өйткені абырой артқан сайын арқалаған жүгіңде ауырлай түседі. Осыны чемпиондарымыз қаперден шығармаса дейміз.
Жандос Айтбай, Аслан Қаженов