Әлем чемпионатында топ жарған боксшылар елге оралды

  • 12
  • 16.09.2025, 19:48

Тұманды Альбион төрінде тұғыр биігінен табылған спортшыларымыз елге оралып жатыр. Патша көңілді жанкүйерлер жерлестерімізді құшақ жая қарсы алып, төбелеріне көтеріп алды. Иә, ел мерейін асқақтатқан ұл-қыздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. Алматы мен Астана әуежайына табан тіреген былғары қолғап шеберлері де ағынан жарылып жатты.

Жаһан додасы қызған шақта түн ұйқысын қиып, әрбір жекпе-жекте тақым қысып отырған бокс жанкүйерлері таңмен таласа сол батырларын күтіп алуға әуежайға асықты. Алдымен қыздар мінген алып лайнер Алматы қаласына келіп қонды. Халықаралық әуежайға жиналғандардың барлығы дерлік чемпиондардың қолын алып суретке түскісі келеді. Боксшылар да ешкімнің бетін қайтарған жоқ. Көп күндік айқастан және алыс жолдан шаршап келсе де, жанкүйерлердің ыстық ықыласынан кейін жадырап сала берді. 

Алуа Балқыбекова, бокстан екі дүркін әлем чемпионы:

- Көңіл күйім өте керемет. Өйткені күшті күтіп алып жатыр. Барлық туған-туысқандарым келген екен, өте қуаныштымын, барлықтарына рақмет және ең бірінші Тараз қаласынан Алматыға өзімнің бапкерім де келіп отыр екен. Туған-туысқандарымның барлығы Шудан келіп отыр, өте қуанышты, өте керемет сезім.

Аида Әбікеева, бокстан екі дүркін әлем чемпионы:

- Сербия елінде үш ай бұрын әлем чемпионаты өтті. Сол жерден бірінші орын алдым. Ливерпульде әлем чемпионаты болады дегеннен кейін екі дүркін әлем чемпионы болу үшін, Серік ағамыз сияқты екі дүркін әлем чемпионы боламын деп мақсат қойғанмын. Соған мақсат қойып, міне, Аллаға шүкір, әлем чемпионы атандым.

Естеріңізге салайық, Елдос Сайдалин баптайтын бұрымдылар 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған болатын. Бес бірдей әлем чемпионатынан қоржыны бос қайтпаған Назым Қызайбайға да құшақ-құшақ гүл шоқтарын сыйлап, жұрт ерекше құрмет көрсетті.

 Назым Қызайбай, бокстан үш дүркін әлем чемпионы:

- Жарысқа жақсы дайындалып бардым. Жақсы формада бардым. Кішкене салмақ жинау ауырлау болды. Бірақ жекпе-жектер арты-арты үш күн болғаннан кейін сол жағы қиын болды. Бірақ сонда да барымды салдым. Жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Бұл енді әлем чемпионатынан менің бесінші жүлдем.

Жігіттердің де жолын тосқандар көп еді. Тарих жасаған ағайынды Махмұт пен Төрехандар бірден туған жеріне тартыпты. Ол да дұрыс. Дәл қазір Сабырхандардың құрметіне ол жақта да той болып жатыр. 

Ал елордаға екі чемпион келді. Ауыр және жеңіл сақмақтағы қос мықты Айбек Оралбай мен Санжар Тәшкенбайды ән мен жырдан шашу шашып, салтанатты түрде күтіп алды.

Айбек Оралбай, бокстан әлем чемпионы:

- Білдіке біз бокс оңай болмайды. Жеңісті де ешкім жайдан жай бергісі келіп тұрған жоқ. Сондықтан барымызды салдық. Аса ауыр салмақ – бұл өзбектер осы күнге дейін бермей келе жатқан салмақ. Қалай болса да сол салмақты өзімізге алу бізге бұйырыпты. Мақсатымыз – Азия ойындары және 2028 жылы Лос-Анджелес ойындары.

Қайрат Сәтжанов, бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері:

- Балалар жақсы еңбек етті. Талай мамандар бізбен бірге жұмыс атқарды. Диетологтарымыз бар, психологтарымыз бар. Бұл бәріміздің ортақ жеңісіміз деп ойлаймын. Алда алар белестеріміз көп, соларды бағындырамыз деген ойдамыз.

Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ері қайдан болсын?! Сондықтан әлем алдында абыройымызды асырып, мерейімізді тасытқан батыр ұл-қыздарымыз барлық құрметке әбден лайық.

Жандос Айтбай