Бокстан әлем чемпионы Аида Әбікееваны жерлестері қарсы алды

  • 314
  • 16.09.2025, 19:58

Қазақстан әйелдер құрамасында 65 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жүрген спортшы Ливерпульде өткен чемпионатта қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлдегер атанды. Батыр қызды туған-туысы мен жанкүйерлер әуежайда күтіп алды.

Әлем чемпионатында дүниежүзін тағы бір мәрте мойындатып келген батыр қызды жанкүйер қауым ерекше ықыласпен қарсы алды. Бұл жеңіс Аида үшін оңайға түскен жоқ. Қарсыластарының барлығы кілең сайдың тасындай мықтылар. Ол ширек финалда 2020 жылғы Олимпиада чемпионы түркиялық Бусеназ Сюрменеліден басым түсті. Ал финалда өзбекстандық Навбахор Хамидоваға қарсы жекпе-жекте жеңісті жұлып алды.

Аида Әбікеева, бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы:

- Иә, міне, әлем чемпионаты аяқталды. Әрине, қазақ елінің қолдауын сезіндім. Қарағанды қаласына, басқармаға, федерациясына рахмет. Осы 1,5 ай бұрын Астана қаласында әлем кубогы болған. Сонда түрік қызына есе жібергенмін. Осы жолы ¼ финалда кездестік. Барымды салдым, жақсы көңіл күймен шықтым. Бапкерлерім маған қалай істейтінім туралы тактикалық жұмыс қойды. Сол тактиканы орындап шықтым.

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы наурыз айында Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатынан соң бірден келесі жарысқа дайындықты бастап кеткен. Бұл Ливерпульде өткен әлем біріншілігінде өз жемісін берді. «Тыңғылықты жаттығудың арқасында Аида да ел қоржынына алтыннан олжа салды», - дейді бапкерлер.

Елдос Сайдалин, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері:

- Біріншіден, өзінің әлем чемпионы екенін дәлелдеу бар, сол нәтижесін қайталау бар. Әрине, оған салмақ, жауапкершілік көп болды. Әр кездесуі тамаша, тактика барлығы бар. Керемет жетістікке жетіп отыр. Ең басты мақсатымыз – 2028 жылғы Олимпиада ойындарынан алтын алу.

Ата-анасының айтуынша, Аида нағашы ата-әжесінің қолында өскен. Ол кісілер де спортшылар болған. Екеуі де Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектебінің ең алғашқы түлектері. Кенжебек Әбікеев ақсақал еркін күреспен, ал жары Мағрипа Қыздарова  баскетболмен айналысқан. Аиданы кішкене күіннен спортқа баулыпты.

Қарлығаш Әбікеева, Аиданың анасы:

- Атасы бірге өзі спорт мектебіне апарды. Аида спорт мектебіне 7-сыныпта түсіп, 11 жылдықты тәмамдады. Осы жолы енді үлкен сапарға жол алды баламыз. «Үйден жолға шыққанда, баласын бәйгеге қосқанда тақымын қысып отырады», - дейді. Үйде тақымымызды қысып, дұғамызды оқып, ақ жол тілеп отырған жайымыз бар. Енді міне, қызымыз әлем чемпионы болып жатқан жайымыз бар. Екі дүркін әлем чемпионы.

Осы әлем чемпионатында жүлде алған қыздар алдағы ел чемпионатынан босатылады. Алайда демалыс уақытының өзінде жаттығу үзілмейді. «Жауапкершілік үлкен, босаңсуға болмайды», -дейді Аида. Оның арманы – Олимпиада чемпионы болу.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит