Батыр ұлдардың бұл жетістігі тәртіп пен тәрбиенің, табандылық пен тынымсыз еңбектің жемісі. Олардың жеңіске деген құлшынысы бала күннен жоғары болған. Чемпионның Шымкенттегі жерлестері мен ата-анасы осылай дейді.
Төрехан Сабырханның бала жастан-ақ тактикалық шеберлігі байқалған. Бокстан жөсөспірімдер арасында аға жаттықтырушы қызметін атқарған Ерсұлтан Жақсыбеков осылай дейді. Қалалық біріншілікте атой салып, ел чемпионатында да ерекше мінез көрсеткенін еске алды.
Ерсұлтан Жақсыбеков, бокстан ересектер арасында аға жаттықтырушының көмекшісі:
- Тісі ауырды. Ісіп кеткен тісі. Финал. Ол кезде шлем киеді жасөспірімдер. Қысады, ауыртады. Бірақ соған 1-раундта шыдап, 2-раундта қарсыласын қинап жіберді. Мысалы, ол да мінезге жатады. Былайша айтқанда, көп балаларда кездесе бермейтін қасиеттердің бірі.
Әлеуметтік желіде Махмұд Сабырхан бауыры Төреханды иығына көтеріп, жеңісті бірге тойлаған сәті жұрттың жүрегін елжіретті. Көрініске куә болған желі қолданушылары қос чемпионға ыстық ықалысын білдірді. Ал әкесінің айтуынша, олар әрдайым бірге жаттығып, бір-біріне демеу болып келеді.
Айдархан Сабырхан, әкесі:
- Жылқы қараймыз. Малағын алу үшін арбамен, «тачкамен» алуға болады. Біз онымен алмайтынбыз. Шелекке салдырып, кетіп бара жатқанда 10 метр жүріп, әр жерде жаттығу істеп кете беретінбіз. Соның да жетістіктері шығар деймін. Бір медальмен, марапат қағазымен келіп, «әке, жеңдім» деген кезде оны одан бетер көкке көтеріп қоямыз. Енді сен бүгін чемпионсың деп 2-3 күн демалдырып қоямыз.
Чемпиондар отбасында 5 баланың барлығы бір-біріне қамқор. Анасының айтуынша, Англияда атой салып, ақтық сынға жолдама алған боксшыларды қолдауға туған-туыс түгел жиналған. Алайда өзі жүрегі дауаламай, көрші бөлмеде тілекші болғанын жеткізді.
Меңтай Әсілова, анасы:
- Олардың жеңіп жатқанын, жақсы ойын көрсетіп жатқанын отағасының, бауырларының дауысынан білемін. Ол кісілер: «Ой, жарайсың! Жақсы! Былай ұр! Жарайсың!» – деп жатса, жеңіп жатыр екен деп ойлап, мен де мына жақта қуанып, сол дауыстардан күш алып отырамын. Ал сәл баяулап, «былай ұрмадың ба, үйтпедің бе» деген сөздер естілсе, ойланып, жүрегім алып-ұшып, дұғамды тілеп отырамын.
Ағайынды Сабырхандардың жеңісі тек отбасының емес, елдің мерейін асырды. Махмұд әлем чемпионатында жылдам накаут тіркеп, екі дүркін чемпион атанды. Ал інісі Төрехан ел тарихындағы жас жеңімпаз ретінде танылды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов