Үлкен футбол ғана емес, футзал жанкүйерлері де Италиядан жағымды жаңалық күтеді. Яғни Фазанода Қазақстан ұлттық құрамасы Италиямен алғашқы кездесуін өткізеді. Келер жылғы Еуропа чемпионатының қосымша жолдамасы кімге бұйырады деген сауал күн тәртібінде тұр. Екі команда да құрлық біріншілігіне баруды көздеп отыр. Бапкерлер белді ойыншылардың барлығын қатарға қосты. Қазақстан құрамасының сапында Игита мен Дуглас, Эдсон мен Дәурен Тұрсағұлов және Шыңғыс Есенаманов пен Біржан Оразов сынды тәжірибелі ойыншылармен қатар жастарда шақырту алды. Жігіттер бабында болсын деп қауымдастық басшылары ел кубогы жолындағы жарысты ертерек бастап кетті. Сарапшылардың басым көпшілігі жолдама тағдыры қарымта ойында шешіледі деп отыр. Екінші ойын 23-ші қыркүйек күні Астанада Жақсылық Үшкемпіров сарайында өтеді.
Теннисшілер тас-түйін дайын
Теннистен Билли Джинг Кинг кубогы жолындағы жарыс өтеді. Қазақстан қыздар құрамасы ширек финалда азулы АҚШ құрамасымен кездеседі. Америкалықтар осынау жарыстың 18 дүркін жеңімпазы. Биыл тағы да топ жаруды теріс көрмейді. Дегенмен біздің теннисшілерде барымызды саламыз деп отыр.
Зарина Дияс, Қазақстан құрамасының ойыншысы:
- Мен шынымды айтсам, енді кортқа шығам деп ойлағам жоқ. Өйткені 2,5 жыл бойы ешқандай жарыстарға қатыспадым. Қайтадан ұлттық құрамаға шақырту алып, осында келгеніме қатты қуаныштымын. Қытайда жүргеніме біраз уақыт болды. Бабыма келу үшін дайындықты ертерек бастадым. Жаттығу жұмыстары өте жоғары деңгейде өтті. Алдағы ойындарға дайынбыз деген ойдамын.
Зарина Диястан бөлек Қазақстан құрамасының сапында тәжірибелі Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева және Анна Данилина мен Жібек Құламбаевлар бар. АҚШ құрамасының да кіл мықтылары қатысады. Атап айтсақ, Джессика Пегула мен Мэдисон Киз және Эмма Наварро мен Тэйллор Таундсендтер шабыс тілеп тұр. Жарыс 21-ші қыркүйекке дейін созылады. Естеріңізге салайық, осы жарыстың өткен жылғы жеңімпазы Италия құрамасы.
Ливерпуль – Атлетико
Еуропа чемпиондар лигасы топтық кезеңінде ең тартысты ойындардың бірі Энфилде өтеді. Жергілікті Ливерпуль Мадриттің Атлетикосын қабылдайды. Трансфер уақытында қыруар қаржы жұмсап, кіл мықтыларды алдырған Англия чемпиондары маусымды өте сәтті бастады. Премьер лиганың 4 турынан кейін ұпайдан шашау шығармаған Ливерпуль жеке дара көш бастап келеді. Ньюкаслдан ауысып келеген Александер Исакта бүгін қызыл жейдемен алғаш рет алаңға шығуы әбден мүмкін. Жалпы Арне Слот бапкерді шабул шебі алаңдатпайды. Өйткені біріннен бірі өткен кіл мықтылар бар. Соларды қалай тоқтатамын деп Симеоне бас қатыруда.
Атлетико маусымды ала-құла бастады. Мадрид клубы 4 турдан кейін небәрі бес ұпай ғана алды. Дегенмен аргентиналық бапкер қорғанысты қалай құру керектігін жақсы біледі және қарсы шабулдың шебері. Ендеше Энфилдтегі ойын тартысты болғалы тұр.
Жандос Айтбай