Кімдер гол соққанын ойынның қалай өрбігенін көрдіңіздер. Қайталап жатудың қажеті шамалы. Оданда ойыннан кейінгі ойға түйгенімізді жеткізсек. Біріншіден, бапкер ауыстыратын уақыт жетіпті. Яғни бірнеше жыл бойы «Қайрат» пен ұлттық құраманы жаттықтырған бразилиялық маманның білгені таусылған секілді. Рас, еңбегін жоққа шығармаймыз. Біраз белесті бағындырды. Бірақ соңғы уақыттары қарсылас командалар Кака тактикасын әбден бүге-шігесіне дейін зерттеп алған. Жаңашылдық жоқ. Жігіттердің жеке шеберлігімен тәжірибесінің арқасында біразға шаптық. Одан әріге бара алмаймыз. Бапкермен бірге біраз ойыншылар да зейнетке сұранып тұр. Атап айтсақ, қақпашы Игита. Рас, біраз қауіптің бетін тойтарды. Бірақ баяғы Игита жоқ. Жас бәрібір өзінікін алады. Сол секілді тас қамал Дуглас пен тепкені түзу ұшатын Лео да шаршаған. Бірақ бұл жігіттердің де қазақ футзалына қосқан үлесі зор. Бразилиялықтармен бірге жүріп біздің жігіттер әбден ысылды. Легионерлер ғана емес, жергілікті ойыншылардың біразы жастарға жол беру керек секілді. Шыңғыс Есенаманов ұлттық құрамамен қош айтысыпты. Кнауптар да кетем десе ешкім ренжімейді. Қысқасы жастарды тәрбиелеп, ұлттық біріншіліктегі бәсекелестікті арттыру қажет. Еліміздегі футбол қауымдастығына ендігі жерде біраз жұмыс істеуге тура келеді.
Шахмат шеберлері Алматыда
Алматыда шахматтан жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі жалғасып жатыр. Швейцариялық жүйе бойынша өтіп жатқан жарыстың бес туры артта қалды. Дәл қазір мынау мықты деп айтуға келмейді. Өйткені үміткерлердің жинаған ұпай сандары бір-біріне жақын. Яғни жүлделі орыннан ешкім үміт үзе қойған жоқ. G8 тобы бойынша Алиша Бисалиева алда тұр. Дегенмен америкалық Эмили Танг пен үндістандық Тиша Бьядвалдың әлі бас жүлдеден дәмесі бар. Жас жеткіншектер жарысында Әдинұр Әділбек пен Әбілмансұр Бақытжанның аяқ алысы жаман емес. 10 жастағы шахматшылар сайысында оңтүстік кореялық Ким Чу Ен топ бастап келеді. Ал 12 жастағы үміткерлер арасында үндістандық Пратап Шарманың қарқыны күшті. Әлем чемпиондары мен жүлдегелері 30-шы қыркүйекте белгілі болады.