Футбол жанкүйерлері таңсәріден «Реал Мадрид» ойыншылары тоқтаған Алматыдағы қонақ үй маңына жиналды. Олардың қатары сағат санап көбейіп келеді. Жалпы Реал ойыншылары мінген борт соңғы тәуліктегі ең танымал рейске айналды. Испаниядан шыққан ұшақты Алматыға жеткенше Flight Radar сервисі арқылы 22 мыңнан аса адам бақылап отырған. «Реал» футболшылары Алматыға түн ауа табан тіреді. Мбаппе, Беллингем, Винисиус, Куртуаны футбол фанаттары қалай қарсы алды?
Түнгі әуежай бұрын-соңды болмаған футбол мерекесіне айналды. Жанкүйерлер әлемнің үздік клубтарының бірін асыға күтіп, қошемет көрсетті. Қазақы қонақжайлылық, ұлттық әуен мен спорт рухы тоғысып, көпшілік үшін есте қаларлық көрініске айналды. Футбол фанаттары елдің түпкір-түпкірінен жиналыпты.
- Негізінде Қайратқа жанкүйерміз, әрине. Бірақ Реал Мадридке өзіміздің қонақжайлығымызды танытып күтіп алуға келдік. Және біздің Қазақстанда футбол көретінін көрсетуге келдік. Мынау – інім. Реал Мадридті күтіп алу үшін Шымкенттен келдім. Футболға, Қайратқа жанкүйер болайық.
- Осыншама адам келеді деп күтпедік негізі. Футболдың фанаттары ғана келеді десек, бұл жерде көптеген адамдар келіп көргісі келіп жатыр. Енді, әлемнің үздік клубы. Әлемнің ең мықты ойыншылары келіп жатқаннан кейін оны осылай күтіп алған дұрыс деп ойлаймын.
Мадридтік «Реалдың» ойыншылары қаладағы 5 жұлдызды қонақ үйлердің біріне жайғасты. Жанкүйерлер мұнда да көп жиналыпты. Әуежайда футболшылармен жүздесудің сәті түспеді. Ал қонақ үйде күтіп тұрғандардың жолы болды. Олар Мбапеден қолтаңба алып, Винисиуспен суретке түсіп үлгерді.
Таң ата қонақ үйдің алды тағы да адамға толды. Даңқты футболшыларды бір көруге асығып қаланың әр ауданынан жеткен жеткіншектерде жетерлік.
Алуа Ералықызы, тілші:
- Мен қазір футболшылр тоқтаған қонақ үйдің алдында тұрмын. Түнде Алматыға жеткен «Реал Мадрид» ойыншыларын жанкүйерлері әлі де осында торуылдап жүр. Орайы келсе естелікке суретке түсіп, қолтаңба алғысы келетін жастар көп.
Абылай Сәкенұлы, қала тұрғыны:
- Кішкентй кезімнен бері көріп жүрмін Реал туралы. Реал мықты комнда деп санаймын. Сол үшін осы жаққа келдім.
Әлтайыр Қажыбек, қала тұрғыны:
- Реал Мадрид ойыншыларын көруге келдім. Жанкүйерімін. Матчты асыға күтіп жүрмін. Осы жерден көріп қаламын ба деген үміттемін.
Хаби Алонсо жарақаты бар кейбір ойыншыларды Испанияда қалдырып кетті демесеңіз, Алматыға негізгі құрам келді. Бірақ дәл алаңға кімдердің шығатыны әзірге белгісіз. Алаңда қонақжайлылық жүрмейді. Алматылық «Қайрат» «Реал Мадрид» ойыншыларымен лайықты ойын көрсетеді деген сенімдеміз. Матч ертең 21:45-те Орталық стадионда басталады.
Авторлар: Алуа Ерлықызы, Мұхит Құдықбаев.