Қайрат–Реал Мадрид: мыңдаған жанкүйер орталық стадионға жиналды

  • 12
  • 30.09.2025, 19:38

Олардың басты мақсаты бір-бірін жігерлендіріп, үлкен футболдың нағыз атмосферасын сезіну. Әсіресе, алматылық клубтың жанкүйерлері ерекше белсенділік танытып отыр.

Алматыда көптен күткен тарихи матч «Қайрат» пен «Реалдың» ойынына санаулы сағат қалды. Стадион маңына жиналған жанкүйерлердің дауысы да, қолдауы да мықты. Тек алматылықтар ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген қонақтар да осы сәттің куәі болуға асық. 

Әлемдік футболдың төрінде ойып тұрып орын алған мадридтік «Реалдың» жанкүйері көп екені анық. Бірақ дәл барша қазақстандық «Қайраттың» жағында. Өйткені бұл ел намысын танытатын алаң.

Дәурен Байтеміров, жанкүйер; 

-Қайрат енді жақсы ойнайды деп ойлаймын. Қалай да жеңісті бермеуіміз керек. Қайрат, алға. Жеңіс күтеміз, Қайрат!  

Меруерт Қобланқызы, жанкүйер:  

-Астана қаласынан жаңа ғана келдік. Қазір ертерек келіп, стадион жанында сезінейік дедік, көрейік дедік қалай боп жатыр екен. Қайраттан тым болмаса 1 гол күтеміз. Не дегенмен ең керемет командалардың біреуі Реалмен ойнайды.  

Әдетте испандық клубты қолдап жүретін жастар да, жан-тәнімен «Реалдың» ойынын бағалайтындар да бар. Дегенмен «Қайратпен» өтетін матч алдында олар да жүректері қазақ командасына жақ екенін жасырмайды. 

Тимур Сеңгіров, жанкүйер:

-Өзім «Реал Мадридтің» жанкүйерімін 15 жыл болды. Бірақ бүгінгі күнде мен «Реал Мадридті» «Қайратқа» 1 күнге ауыстырамын. Өйткені «Қайрат» маған жақынырақ болады. Қаншалықты мен «Реал Мадридті» сүйіп қолдау білдірсем де бірақ бүгін мен үшін «Қайраттың» күні болады. 

Жанкүйерлер жас талғамайды. Бірі сүйікті футболшысынан қолтаңба алуға асықса, бірі немересін жетектеп, алаңға асыққан. 

Еркебұлан Мұсалиев, жанкүйер: 

-Мен осы Қайратқа кішкентай кезімнен бері жанкүйермін және де осы матчта Дастан Сәтпаевқа сенемін. Кемінде 1 гол болсын салады деген ойдамын. Алға, Дастан Сәтпаев! Алға, Қайрат!  

Алаңдағы сенім де, тілек те «Қайратпен» байланысты. Жанкүйердің қолдауы мықты болса, ойыншылардың да қайраты арта түспек. 

Алуа Ералықызы, Айдос Қалиев