Қытайда таеквондодан ересектер арасындағы әлем біріншілігі өтеді

  • 8
  • 08.10.2025, 20:01

Қазанның 24-і мен 30-ы аралығында Қытайдың Уси қаласында таеквондодан ересектер арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Дәл қазір осы бір спорт түрінің елімізде даму қарқыны жоғары. Ұлттық біріншілікте бәсекелестік артып, жастардың жарыққа шығуына барлық жағдай жасалып жатыр. Үлкен халықаралық турнирлер ұйымдастырылып жергілікті спортшылар шеберліктерін шыңдап, тәжірибелерін толықтырды. Нәтижесі жаман емес. Жерлестеріміздің кезкелген жарыстан қоржыны бос қайтып жүрген жоқ. Енді дүниежүзілік додада қазақ елінің таквондошылары жүлде бөлісіне араласады деген үміт басым. Әлем чемпионатына 179 елден 991 спортшы келеді деп жоспарланып отыр. Осынау байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшылар белгілі болды. Қазақстан құрамасы ерлер арасында 8 және әйелдер арасында 8 салмақта сынға түседі.

Есбол Сұлтанов, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

-Қазақстан құрамасы да қара жаяу емес. Қазіргі таңда жаңа маусымда сәтті және тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан бірнеше спортшымыз бар. Өз салмақ дәрежелерінде әлемдік көшбасшылар қатарына енетін Нодира Ахмедова, Тілеулес Тамирлан, Батырхан Төлеуғали, Батырхан Шуленов, Қаблан Бейбарыс және Самирхон Абабакировтан күтеріміз мол.

«Ұлттық құрамаға шақырту алған спортшылардың осалы жоқ»,– дейді бас бапкер. Тек ел біріншілігінде ғана емес Болгария мен Қытайда өткен халықаралық турнирлерде ел намысын абыроймен қорғаған мықтылар енді әлем чемпионатында да намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз.