Биыл ел аймақтарынан іріктелген 43 мықты палуан боз кілемге шығып, алтын белбеу үшін күш сынасты. Сайыстың жалпы жүлдеқоры 27 млн теңге десек, басты жеңімпазға соның 15 миллионы бұйырды.
Бұл жолы жекпе-жек сарайындағы боз кілемде тек қара күш емес, жігер мен рух айқасты. Сын сағатта әр палуан өз мықтылығын дәлелдеп, қарсыласын барынша жығуға тырысты. Бірақ басты жеңіс, «Найман» лақап атымен танылған Марат Байқамұровқа бұйырды. Бұған дейін әскер барысы атанған 27 жастағы палуан қарсыласын ақтық белдесудің екінші минутында жыққан.
Марат Байқамұров, «Қазақстан Барысы – 2025» турнирінің жеңімпазы
-Алтын белбеу үшін келдім. Әкеме апарып беремін. Керемет әсер айта алмаймын! Барлықтарыңыздың қолдауларыңыздың арқасында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпазды құттықтап, қазақ күресіне қолдау әрі қарай да жалғасатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Марат Байқамұровты қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2025» турниріндегі жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол тамаша өнер көрсетіп, жанкүйерлер көңілінен шықты. Мемлекет қазақ күресінің дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсете береді».
Былтыр «Қазақстан Барысы» атанған Ерасыл Қажыбаев биыл күміс белбеуді місе тұтты. Ал қола жүлде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы Нұрдәулет Жарлығаповқа бұйырды. Осылайша, ол «Қазақстан барысы» жобасының үш дүркін қола жүлдегері атанды. Жалпы турнирдің ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Он төртінші рет ұйымдастырылған бұл дода бүгінде халықаралық деңгейде таныла бастады.
Дана Әлиева