Оңтүстік Кореяда дәстүрлі садақ атудан әлем кубогі өтіп жатыр

  • 22
  • 03.11.2025, 19:59

Қазақстандық триатлоншылар Иорданияның Акаба қаласында өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінде қос қолаға қол жеткізді. 23 жасқа дейінгі спортшылардың сайысында Егор Крупяков үздік үштіктен көрінсе, 19 жасқа дейінгі қыздар жарысында Диана Ержанова жүлдегер қатарынан орын сайлады.

Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында дәстүрлі садақ атудан әлем кубогі өтіп жатыр. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған әлемдік аламанға 32 елден 500-ден аса үміткер келіпті. Олардың арасында қазақтың қыз-жігіттері де бар. Алғашқы жарыс күні 90 метрдегі нысананы көздеу бәсекесі өтіп, командалық сында ұлттық құрама жігіттері ең үздік нәтиже тіркеді. Ел намысын Ербол Тәпенов, Жәнібек Құлмирзаев, Мақсат Әбдікерімов, Азамат Нұртаев және⁠ Жәнібек Саламатұлы бестігі қорғаған болатын. 

Қоржынымыздағы медальдар саны тағы артуы мүмкін. Өйткені енді жекелей сындар бойынша медальдар сарапқа салынады.

Футболдан МЛС лигасының плей-офф кезеңі басталды. АҚШ футбол біріншілігінің өзіндік ережесі бар. Яғни 30 команданың ішінде үздік 16-сы плей-офф кезеңінде бақ сынайды. Мұнда командалар екі жеңіске дейін кездесу өткізеді. Мысалы, Мессидің Майамиі бірінші ойында Нэшвиллді 3:1 есебімен ұтқан. Екінші кездесуде 1:2 есебімен есе жіберді. Енді қос команда үшінші рет жолығады. Қай жеңгені ширек финалға шығады. Ал жақында ғана мұхит асқан Оңтүстік Кореялық Сон Хын Миннің командасы ширек финал мәселесін бірден шешіп тастады. Лос Анджелес өз алаңында да сырт алаңда да Остинді ойсырата жеңді. Осы екі ойында жасындай жарқылдаған шабуылшы Сон үздік деп танылды. Енді Лос Анджелес ширек финалдағы қарсыласын күтеді.