Бар-жоғы бес команда қатысып жатқан жарыста бәсекелестік күшті деп айта алмайсыз. Біріншілік басталғалы бірде-бір кездесуде жеңілмеген Астананың арыны күшті. Елордалықтарды бір тоқтатса, Алматының «Легионы» тұсау керек болған. Бірақ Олег Тен жаттықтыратын жігіттер өз алаңында өткен екі ойында да қарсыластарына тізе бүкті.
Сенбі күні Астана баскетболшылары 92:53 есебімен жеңіске жетсе, кеше 106:73 есебімен басым түсті. Алаң иелерінің сапынан америкалық легионер Элайджа Харди белсенді болды десек, елордалықтарды литвалық ойыншы Адас Юшкявичюс өрге сүйреді.
Олег Севергин, «Алматы Легионы» клубының директоры:
- Осы турда баскетбол жанкүйерлерінің назары Алматыға ауды. Өйткені бұл ортлық кездесу болатын. Турнир кестесінде үзеңгі қағыстырып келген екі команда арасындағы ойын өте тартысты болды. Өкінішке қарай жергілікті жанкүйерлердің алдында қонақтарға есе жіберіп қойдық. Дегенмен алдағы уақыттары кеткен қателіктерден қорытынды шығарып, жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын.
Алматы «Легионың» келесі кездесуін қарашанының 22-сі мен 23 күндері Ақтаудың «Каспийіне» қарсы өткізеді.
Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында самбодан әлем біріншілігі аяқталды.
Спорттық және жауынгерлік самбодан жүлделі орындар сарапқа салынса, көру қабілеті нашар жандарға да өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берілді. Әлемнің 70 елінен келген 500-ге жуық үміткер үш бойы бірнеше салмақ дәрежесінде белдесті.
Жарыстың бірінші күні жерлестеріміз екі қолаға қол жеткізді. Спорттық самбодан 52 келіде Маргарита Бажаева мен ерлер арасында Арнұр Қуатай үштікке табан тіреді. Жарыстың екінші күні Ниетхан Төлеухан мен Маржан Бизақ жауынгерлік самбодан Қазақстан қоржынына алтын медаль салса, Ұлбосын Адилова күміс жүлде иеленді. Ал спорттық самбода Жандос Бейсенбаев қола жүлдегер атанды. Жарыстың соңғы күні қазақ самбошылары 1 күміс, 5 қола жүлде жеңіп алды. Осылайша жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы үздік үштіктен көрінді.