Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының спортшысы Едіге Емберді Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында жүлдегер атанды. Ол жекелей сайыстарда 1 күміс, 1 қола жүлде иеленсе, қоссайыс қорытындысы бойынша үшінші орыннан көрінді.
Семей қаласында дзюдодан ересектер арасындағы ел біріншілігі өтіп жатыр. Бұл сынға әлем және олимпиада ойындарының жүлдегерлері түгелдей қатысып жатқан жоқ. Белгілі себептермен біраз мықтылар жарыстан босатылды. Сәйкесінше жастарға ұлттық құрама сапына ілінетін мүмкіндік туды. Турнирдің бірінші күні 4 салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды. 48 келіде қыздар арасында Шымкенттік Тасним Әбдіуәли топ жарды. Ол финалда Жамбыл облысынан келген Іңкәр Құралбайдан басым түссе, Зарина Құсадин мен Әсел Русланова қоланы қанағат тұтты. 52 келіде маңғыстаулық Меруерт Сәрсенова ел чемпионы атанса, ерлер арасында 60 келіде Шымкент қаласының намысын қорғаған Талғат Орынбасар жеңімпаз атанды. 66 келіде Мауыржан Нарбаевтың асығы алшысынан түсті. Ел чемпионаты ертең аяқталады. Футболдан Канада премьер лигасы аяқталды. Атлетико Оттава мен Кавалри арасындағы финалдық ойын ел есінде мәңгі қалатыны сөзсіз. Жасыл алаңға әбден көзі үйренген жанкүйерлер ақ алаңдағы айқастың да куәсі болды. Ойынның тартысты өткені соншалық толассыз жауған ақ қарда футболшыларға кедергі бола алған жоқ. Әр 15 минут сайын ойын тоқтап алаңдағы қарды тазартып отыруға тура келді. Өйткені алаңда ала допты емес аяқ алып жүрудің өзі қиындап кетті. Қалың қарды тазарту жұмыстарына тіпті футболшылардың өздері де араласуға мәжбүр болды. Есепті Фрейзер Эрд ашқан болатын. Төреші белгілеген 11 метрден жартылай қорғаушы мүлт кеткен жоқ. Испаниялық Атлетиконың фарм клубына баланатын Атлетико Оттаваның да құрылғаны кеше ғана. Соған қарамастан құрамын мықты ойыншылармен жасақтаған оттавалықтар матчтың 40-шы минутында таразы басын теңестірді. Әуеден келген допты қайшылай тепкен Давид Родригес әдемі голдың авторы атанды. Негізгі уақыт тең аяқталып қарсыластар қосымша жарты сағатта жеңімпазды анықтады. Оған дейін арнайы техникалармен алаңды қардан тазартып алды. Матчтың 107-ші минутында Родригес екінші голын соғып Атлетико Оттава бірінші рет Канада чемпионы атанды. . Жандос Айтбай