Жәнібек Әлімханұлының Эрисланди Ларамен жекпе-жегі жексенбінің таңында басталады

  • 9
  • 02.12.2025, 18:50

Қазақ жұрты жексенбі күні өтетін Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегін тағатсыздана тосып отыр. Қарсыласы кубалық Эрисланди Лара. Екеуі де әуесқой мен кәсіпқой бокстың қыр-сырын жетік білетін жігіттер. Екеуінің де мақсаты айқын. Қалайда жеңіске жету. Дәл осы кеште үш бірдей чемпиондық белбеу сарапқа салынады. WBO мен IBF Жәнібекке тиесілі. Ал WBA Лараның еншісінде. Кубалық боксшы шау тартқан демесеңіз қайраты әлі қайта қоймаған. Қолды-аяққа тұрмайтын қара жігіт қателікті кешірмейді. Оны Жәнібек жақсы білуі тиіс. Осы жекпе-жекті Әлімханұлы ұзақ күтті. Жыландыдан шыққан жігер мінезді жерлесіміз жеңіске жету үшін жан аяп қалмайтынын білеміз. Ендеше сәттілік серік болсын дейміз. Жәнібек пен Лара арасындағы жекпе-жек АҚШ тың Сан-Антонио қаласында жексенбінің таңында басталады. 

Бір жылда екінші әлем біріншілігі өткелі отыр. Әңгіме әуесқой бокс жайында. Бұл жолы IBA яғни, халықаралық бокс федерациясының ұйымдастыруымен дүниежүзілік доданың жалауы Дубайда желбірейді. Ұйым басшысы: «Умар Кремлев бұл бір ерекше жарыс болады»,– депті. Әлем чемпионатының ұтыс қоры бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш 8 миллион 320 мың АҚШ долларына жетіпті. Ал жекпе-жектердің өзі ашық аспан астында кешкі уақыттарға жоспарланған. Қазақстан құрамасы Дубайға ат басын тіреді. Жерлестеріміз 13 салмақта сынға түседі. Ұлттық құрамада жастар мен қоса тәжірибелі спортшылар да бар. Бүгін жеребе тартылса жекпе-жектер ертең басталады.  
 
Осы аптада Астанада футболдан жас өрендердің дәстүрлі жарысы басталады. Бұл турнирдің жыл өткен сайын жағрафиясы кеңейіп, бәсекелестік артып келеді. Астана кубогі жарысын ұйымдастырушы Еркебұлан  Жомарттың айтуынша биылғы біріншілікке де біраз командалардан ұсыныс келіп түскен. Байрақты бәсеке биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған 7 елдің өрендері қатыспақ. Атап айтсақ мәскеудің «Спартагы» мен Ташкенттің  «Пахтакоры» және  Бакудың «Карабағы»  Тбилисидің  «Динамолары» жарыс көркін қыздырмақ.   Қырғызстан және Тәжікстан командалары да өнер көрсетеді. Бұған қоса еліміздің түкпір-түкпірінен келетін командалар бар. Осы жарыс аясында қатысушы тараптар арасында меморандумдар жасалып, алдағы уақытта балалар футболын бірлескен форматта дамыту көзделіп отыр. «Астана Кубогы»  желтоқсанның 6-сы мен 9-ы аралығында болмақ. Ж.А.