Ерлер арасында Шымкенттік Олег Мельников Қазақстан чемпионы атанса, Диас Жиренбаев күміс, Никита Кривошеев қоланы қанағат тұтты. Қыздар арасында алматылық Амира Ирматова топ жарды. Зере Сарбалина екінші орын алса, Нұрия Сүлеймен үштікті түйіндеді.
Жыл үздіктері анықталды
Қазақ боксшылары үшін биылғы жыл табысты болды. Странджа кубогынан бастап барлық халықаралық жарыстар мен құрлық біріншіліктерінен қоржынымыз бос қайтқан жоқ. Әлем кубогі, одан соң Ливерпуль мен Дубайда аяқталған дүниежүзілік жарыста да үздіктер қатарынан көріндік. Тәжірибелі қыз-жігіттердің алды бірнеше дүркін әлем чемпионы атанса, жалынды жастарымыз да жарқын жеңістерімен қуантты. Өткен аптада Қазақстан бокс федерациясы жылды қортындылап, үздік шыққандарға сый-құрмет көрсетті.
Ерлер арасында Айбек Оралбай ал қыздар арасында Аида Әбікеева «Жылдың үздік боксшылары» деп танылса, ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандарға тәлім берген Ілияс Оралбеков «Жылдың үздік бапкері» атанды. Жастар арасында Тимур Тайбеков пен Құралай Егінбайқызы үздіктер қатарынан көрінді. Жасөспірімдер де назардан тыс қалмады. Досжан Жұмахан мен Аяулым Оспанова, Дамир Джаншиликов пен Жансая Ержан секілді былғары қолғап шеберлері марапатқа ие болды. Ұлттық құраманың есігін қағып тұрған талантты өрендер бар. Ендеше келер жылдан да үміт көп.
Дембеле дара шықты
Қатар астанасы Дохада ФИФА мамандары да жыл үздіктерін марапаттады. Бапкерлер мен футболшылардың дауыс беру нәтижесі бойынша Франция құрамасының және Париж Сен-Жермен командасының шабулшысы Усман Дембеле үздік футболшы атанды. Жақында ғана алтын допқа иелік еткен Дембеленің дәуірі жүріп тұр. Расында өткен маусым франциялық футболшы үшін табысты болды. ПСЖ сапында жүлде біткеннің барлығын жиып алған шабуылшы қарсыластар қақпасына 35 гол соғыпты. Ал қыздар арасында қатарынан үшінші жыл испан футболшысы Айтана Бонмати үздік деп танылды. Барселона сапында биік белестерді бағындырған Бонмати ұлттық құрамамен Еуропа біріншілігінің күміс жүлдесін алды. Үздік бапкер «ПСЖ» тәлімгері Луис Энрике десек, Джанлуиджи Доннарума үздік қақпашыға тағайындалған жүлдеге иелік етті.