Естеріңізге салайық, қарашаның 15-і мен 26-сы аралығында Токиода өткен XXV жазғы ойындарда жерлестеріміз барлығы 25 медаль жеңіп алған болатын.
Ерен еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар спортшылардың жетістіктері барлық кезде бағалануы тиіс. Жігер мінез бен төзімділіктің, қайсар рух пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен ұл-қыздарымызды Үкімет басшысы арнайы қабылдап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Жапон жерінде өткен дүниежүзілік жарыста жерлестеріміз 8 алтын, 4 күміс, 13 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте 81 мемлекеттің ішінен 9-шы орынға табан тіреген еді. «Бұл Қазақ елі үшін 2025-ші жылдағы елеулі оқиғаларыдың бірі», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін спорт ғимараттарын салуға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Президенттің тапсырмаларын іске асыру аясында елімізде азамтардың кәсіби бұқаралық спортпен алаңсыз айналысу үшін қажетті жағдай жасалып жатыр. Жаңа спорт кешендері бой көтеріп, саланың инфроқұрылымын дамытуға көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта да жалпы спорт саласын дамытуға және ерекше қажеттілігі бар спортшыларды қолдауға бағытталған жүйелі шараларды жалғастыратын боламыз.
Марапаттау рәсімінде сурдо дзюдо спортшыларының жетістіктері атаусыз қалмады. Олар қоржынымызға 5 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлде иеленіп, командалық есепте екінші орыннан көрінген. Олардың арасында үш дүркін және екі дүркін чемпион атанған Еркебұлан Қанафин мен Шадияр Қуандық бар.
Шадияр Қуандық, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы:
- Осындай жеңісімізді құттықтап, Мемлекет басшысының құрмет орденімен марапатталып жатырмыз. Міне, Астана төрінде қуаныштымын! Осындай спорт саласына қолдау көрсетіп жатқанына алғысымыз шексіз! Мемлекет басшысына және де осы спорттық жолда бізге көңіл бөліп, жарыстарымызға, оқу-жаттығу жиындарымызға көңіл бөліп, осы спорт басшылықтарына алғысымыз шексіз! Енді алдағы күндерде аманшылықта, келесі олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып, жеңіс жолында еңбек етемін.
Ешбір қиындыққа мойымай, ерен еңбектің арқасында әлем елдерінің спортшыларымен бәске түскен мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай құрмет көрсетсе де жарасымды.
Жандос Айтбай