«Алматы қазақстандық спорттың алтын бесігі ретінде танылған, алдағы уақытта да бұқаралық және кәсіби спортты дамытуда жетекші орталық болып қала береді», - деді сала өкілдерін құттықтаған қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Ұлттық құрамада алматылық қыз-жігіттердің үлесі басым. Биыл олар өздері қатысқан жарыстарда үздік өнер көрсетті. Бірақ мұнымен босаңсуға болмайды. Алда маңызды халықаралық сайыстар күтіп тұр.
Бейбіт Ыстыбаев, мамандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры:
- Құраманың 30-40 пайызы Алматының қыз-жігіттері. Назым Қызайбай мен Алуа қызымыз бар әлем чемпионы болған. Қыздар боксы өте жақсы, Әлем чемпионатында 4 медаль болды. Таэквандодан Алматы қаласына тарихта тұңғыш рет Әлем чемпионатында 3-орын алды бір қызымыз. Одан кейін еркін күрестен 3-ші орын алды.
Осы жылдың басты додасы Токиода өткен XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындары болды. Қазақстанның ұлттық құрама командасы 25 медаль жеңіп алды. Соның төртеуі алматылық спортшыларға тиесілі.
Найзабек Сағымбаев, «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған алматы спорт клубының» басшысы:
- Шонку Қайратхан деген атақты спортшымыз. Ол еркін күрестен бір күміс, бір қола медальды қанжығасына байлады. Командалық жарыста дзюдо күресі бойынша әйелдер арасында Дина Адамбаева өткен олимпиаданың қола жүлдегері болған. Биыл одан бір саты жоғарылап, күміс жүлдеге ие болды. Жеңіл атлетикалық он сайыстан Нұрсұлтан Көлдеев қола жүлдеге ие болды.
Қала әкімі спортшыларға барынша жағдай жасалатындығын атап өтті. Сондай-ақ осы бағытта бірнеше ірі жобаның жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Мегаполисте 6 бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. «Медеу» спорт кешеніне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, 45 мың орындық жаңа стадион бой көтереді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев