Жылан жылы боксшылар үшін жемісті болды. Кез келген жарыстан қоржынымыз бос қайтқан жоқ. Жалпы командалық есепте де алдыңғы қатарда болдық. Жыл соңыңда аймақ басшылары үздіктерді қабылдап сый-құрмет көрсетіп жатады. Алып шаһар Алматы қаласының бокс федерациясы ел спортына елеулі үлес қосқан былғары қолғап шеберлерін марапаттады. Ірі додаларда алматылық былғары қолғап шеберлері ұзын саны 52 медаль жеңіп алыпты. Оның 24-і алтын,15-і күміс және 13-і қола жүлде. Алуа Балқыбекова екі дүркін әлем чемпионы атанса, Назым Қызайбай үшінші мәрте төрткүл дүниені мойындатты. Виктория Графеева мен Елдана Тәліпованың да жеңісін жұрт көрді. Абылай Досымбеков, Эмир Мұхиддин, Ақерке Далабай бастаған қыз-жігіттер Азия біріншілігінің чемпиондары атанды. Боксшыларға бағалы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Қайрат Дүйсенов, Алматы қаласы бокс федерациясының құрметті президенті:
-Алуа қызымызға Алматы бокс федерациясының атынан көлікті сыйға беріп жатырмыз. Алдағы жылда үлкен бір жарысымыз бар. Азия ойындары. Соған дайындықты бастап кеттік.
Алуа Балқыбекова, екі дүркін әлем чемпионы: -Салмағымды ауыстырғаныма орай 2024 жылы ондай көп нәтижелі, керемет жыл болды деп айта алмаймын өзім үшін. Бірақ осы жыл жақсы нәтижелер болды. Басты мақсат Азия ойындарында елімізге алтынымызды алып келу. Өйткені бізде Азия ойындарында әлі алтын болмаған әйелдер арасында.
Шәкіртінің шеберлігін шыңдап, намысын қамшылай білген бапкерлер құрамы да назардан тыс қолған жоқ. Алматылық спортшылар алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға уәде берді.
Қысқы олимпиаданың дүбірі жақындап келеді.
Италияда алау эстафетасы жалғасып жатыр. Ұйымдастырушылар бұл шараға тек қана жергілікті азаматтарды ғана емес әлем мықтыларын да араластыруды жөн санапты. Кеше жұрт назары Джеки Чанға ауды. Қытай киножұлдызы олимпиада алауын ежелгі Помпей қирандылары арқылы алып жүрді. Алауды ғана емес Джеки Чанды көруге асыққан жергілікті тұрғындар бар шаруаларын ысырып қойып, алаңға жиналыпты. Естеріңізге салайық, ойындар алауы 6 желтоқсан күні Ежелгі Эллада елінен Италияға жеткізілген болатын. Енді ақпанның 6-сына дейін алау эстафетасы 12 мың шақырым жол жүріп алдымен Кортина-д'Ампеццоға содан кейін Сан Сироға жетеді.
Азия чемпиондар лигасында араб клубтарының қарқыны жоғары.
Былтыр Аль Ахлидің қанжығасында кеткен жүлдеден биыл Аль Хиляль дәмелі. Симоне Индзаги жаттықтыратын Сауд Арабиясының командасы 6 ойында ұпайдан шашау шығармай плей-офф кезеңіне жолдама алды. Соңғы турда Аль Хидьял Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджасына қонаққа барды. Теке тіреспен өткен кездесудің бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Гол соғатын мүмкіндіктерді алаң иелері де қонақтар да мүлт жіберіп алды. Матч тағдырын шешкен жалғыз голдың авторы Малком болатын. Бразилиялық шабуылшы кездесудің 81-ші минутында көзге түсті. Келесті турда Индзаги командасы Шабаб Аль Ахли алаңына қонаққа барады.
Жандос Айтбай