Магнус мықтылығын дәлелдеді. Спорт жаңалықтары

  • 3
  • 29.12.2025, 18:43

Олар Әбиба Абужақынова, Шерзод Давлатов, Ғұсман Қырғызбаев, Бауыржан Нарбаев, Абылайхан Жұбаназар, Айдар Арапов, Нұрлыхан Шархан және Марат Байқамұровтар ел намысын қорғайды.

Алау эстафетасы жалғасып жатыр

Келе жатқан жылқы жылы да жарысқа толы болмақ. Жұрт алдымен ақ олимпиаданы асыға күтіп отыр. Италияның Милан және Кортина-д Ампеццо қаласында өтетін дүбірлі додада 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Соңғы қысқы ойындардан Қазақстан қоржыны бос қайтқан. Осы жолы олжалы боламыз деген үміт басым. Дәл қазір жарыс қожайындары дәстүр бойынша  алау эстафетасын өткізіп жатыр. 21-ші кезең Беневенто қаласынан басталып, Неапольдің шығысындағы Апеннин тауларында орналасқан Потенца қаласына келіп жетті. Бұл кезеңге көптеген өнер және спорт жұлдыздары қатысып, кештің соңы үлкен концерттік шараға ұласты. Олимпиада алауы Таранто қаласын бетке алды. Ақ олимпиаданың алауы 6-шы ақпанға дейін әлі талай елді мекенді басып өтіп, 38 кезеңге созылады.

Магнус мықтылығын дәлелдеді

Катар астанасы Дохада шахматтың рапид және блиц түрінен әлем біріншілігі аяқталды. Дәл қазір шаршы тақта алдында Магнус Карлсенге тең келер ешкім болмай тұр. Норвегиялық гроссмейстер дүниежүзілік сайыста 13 партияда 10,5 ұпай жинап, рапид пен блицтен 6 дүркін әлем чемпионы атанды. Өткен жылы ереже бұзғаны үшін жарыстан шет қалған Карлсен бұл жолы қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Рас, ресейлік Владислав Артемьевке бір ойында есе жіберген. Алайда қалған кездесулерінде өте сауатты ойнады. Екінші орын Артемьевке бұйырса, қола үндістандық Арджуну Эригайсидің қанжығасында кетті.

Мысырлықтардың мысы басым

Осы күндері Мароккода футболдан Африка кубогі жолындағы жарыс өтіп жатыр. Қара құрлықта қай команда топ жарады деген сауалға дәл қазір ешкім нақты жауап бере алмайды. Өйткені топтық кезең әлі аяқталған жоқ. Дегенмен Египет пен Нигерия және Алжир құрамалары алғашқы екі ойында ұпайдан шашау шығармай плей-офф кезеңіне күн ерте шығып қойды. Сол Египет Анголамен алаңға шығады. Мысырлықтардың әзірше мысы басым. Ағылшын премьер лигасында жасындай жарқылдап жүрген Омар Мармуш пен Мохамед Салах жұбы мүмкіндіктерді мүлт жіберіп жатқан жоқ. Бас бапкер Хассан Хоссам жұлдыздарға демалыс беріп, жастарды шығаруы да әбден мүмкін. Келесі айналым мәселесін шешіп қойған Египет енді финалдық кезеңге алаңсыз дайындала берсе болады.