Ұлттық құрамалар Сурдлимпиада ойындарында 25 медаль жеңіп алды. Ал жасөспірімдер Азия ойындарында 68 жүлдеге ие болды.
Биыл Жапонияның Токио қаласында жазғы Сурдлимпиада ойындары өтті. Бұл есту қабілеті бұзылған спортшыларға арналған төрт жылда бір рет өткізілетін ең ірі халықаралық жарыс. Қазақстан намысын 78 спортшы спорттың сегіз түрі бойынша қорғады. Біздің команда 25 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 8 алтын, 4 күміс және 13 қола. Сол арқылы үздік ондыққа ендік. Осы бәсекеде Қазақстан үшін келесі спорт түрлері табысты болды.
Марат Қасқырбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басқарма басшысы:
- Дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, тхэквандо, үстел теннисі жақсы нәтиже көрсеттілді. Жалпы 81 елдің арасында біздің мемлекетіміз 9 орынға ие болды. Енді өте жоғары нәтиже.
Дубайда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия Паралимпиада ойындары да қазақстандық спортшылар үшін табысты болды. Аталмыш жарыста біздің құрама 68 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола. Жалпы медальдық есепте Қазақстан құрамасы 45 қатысушы елдің ішінде 5-орынға тұрақтады.
Дияр Сейітов, ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің спорт менеджері:
- Ең көп медальді пара жүзу командасы жеңіп алды. Паратхэквондо, боча сияқты спорт түрлері бойынша алғаш рет бақ сынадық. Жастар – біздің болашағымыз. Олардың көпшілігі 2028 жылы өтетін паралимпиада ойындарында еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз.
Келесі жылы пара спортшыларды төрт жылдық кезеңдегі ең маңызды жарыс күтіп тұр. Қысқы Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығында Италияда өтеді. Сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін Туризм және спорт министрлігіне нақты міндет қойылды. Олардың қатарында спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына үзіліссіз қатысуын ұйымдастыру және құрал-жабдықтар мен медициналық қызметтерді дер кезінде қамтамасыз ету бар. Сондай-ақ жарыс күнтізбесін қатаң сақтау тапсырылды.
Ердәулет Ыбырайұлы