Милан мен Кортина да өтетін ақ Олимпиаданың басталуына тура 30 күн қалды. Тойдың болғанынан боладысы қызық дейміз. Дәл қазіргі таңда ұйымдастырушыларда ұйқы жоқ. Әрине, Италия қысқы олимпиаданы бірінші рет қабылдап отырған жоқ. Десе де, кем-кетіктер әлі жетіп артылатын көрінеді. Климат құбылып тұрған заманда бірінші кезекте қар мәселесі қиындық тудырып отыр,- дейді мамандар. Жасанды қарды жасау үшін де су мен электр қуаты қажет. Альпі тауларын жасанды қармен толтыру оңай шаруа емес. Сол секілді Миландағы хоккей аренасының да құрылыс жұмыстары тұралап қалған. Альпі тауларына алып шығатын қанатты жолдардың жұмыстары да мерзімінен кешіктіріліп жатқан көрінеді. Дегенмен ұйымдастырушылар бір айдың ішінде бар мәселені шешеміз деп отыр. Әзірше алау эстафетасы ғана ешқандай кедергілерсіз өтіп жатыр. Тіпті кейбір қалаларда ауа-райының қолайсыздығына қарамастан барлық іс-шаралар жоспар бойынша діттеген жеріне жетіп, кеше олимпиада алауы Италияның шығысындағы Марке аумағына келді. Естеріңізге салайық 25-ші қысқы олимпиада ойындары ақпанның 6-сы басталып 22-сіне дейін жалғасады. Дүбірлі додаға дүниежүзінің 95 елінен 3500 ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
Автор: Жандос Айтбай.