Шорт-трек шеберлері шыңға шыға ала ма? Спорт жаңалықтары

  • 106
  • 08.01.2026, 18:47

Жылқы жылындағы айтулы жарыстардың бірі Ақ Олимпиада екені айдан анық. Төрткүл дүние тағатсыздана тосып отырған байрақты бәсекенің де дүбірі жақындап қалды.

Қысқы спортты айта бастасақ, қысылатынымыз жасырын емес. Тәуелсіздік алғалы сары алтын сонау Лелехамерде Смирновқа бұйырды демесеңіз, одан кейінгі додаларда қыз-жігіттеріміз шың басына шыға алмай жүр. Шың басы былай тұрсын, үш бірдей қысқы ойындардан қоржынымыз бос қайтып, еңсеміз түскен кездер әлі есімізде. Тау десең тауы, бау десең бауы бар кең байтақ қазақ жерінде қысқы спорттың тұралап тұрғаны әлі күнге дейін түсініксіз. Дегенмен үміт ешқашан үзілген емес. Өйткені әлем мықтыларымен үзеңгі қағыстырып жүрген спортшыларымыз жоқ емес бар. Қазір соларға барлық жағдай жасалып, солардың тілеуін тілеп отырған жәйіміз бар.

Осы күндері шорт-трек шеберлері Астанада шүмектеп тер төгіп жүр. Италияға баратын құрам белгілі. Олар Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша және Яна Хан мен Ольга Тихонова. Абзал мен Денистің бұл төртінші олимпиадасы. Бәлкім соңғысы болуы да әбден мүмкін. Жігіттерде тәжірибе жетіп артылады. Енді тек сәттілік серік болсын дейміз. Талай талантты тәрбиелеп өсірген Мәдіғали Қарсыбеков ағамыз аралас эстафетада мүмкіндігіміз мол дегенді айтыпты. Иә, қысқа қашықтықта құстай ұшатын Абзал мен Дениске қыздар қол ұшын берсе, жүлденің ауылы алыс емес. Дәл осы төрттік төрт жыл бұрын мәре сызығын бесінші болып кескен. Осы жолы баптары келіп бақтары жанып жатса, қазақ елінің қоржыны бос қалмайды деген үміттеміз.