Биылдан бастап балалар спорты жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшірілді. Бұрыңғы стандартпен әр балаға жылына 233 мың теңге деп есептеліп келсе, енді орташа есеппен 415 мың теңге қаралып отыр. Өсім екі есеге жуық. Бұл өзгеріс спорт мектептерінің дамуына ықпал ете ме? Қазіргі кезде спорт нысандары қаншалықты қолжетімді?
Екі жыл бұрын Қостанайда «Рысь» деп аталатын хоккей академиясы ашылды. Бүгінде мұнда 5-тен 8 жасқа дейінгі 140 бала кәсіби тұрғыда хоккеймен айналысады. 8 жасар қақпашы Уляна Мизенцеваның конькиге тұрғанына үш жыл болыпты.Қазір өз қатарластарының арасындағы мықты ойыншылардың бірі.
Ульяна Мизенцева, «Рысь» хоккей академиясының тәрбиеленушісі:
- Бастапқыда шабуылшы болғым келген. Сосын қақпада тұрамын деп шештім. Өйткені ыңғайым соған келеді.
Соңғы екі жылда Қостанай балалар хоккейінің орталығына айналды десек, артық айтқандық емес. Жаңадан салынған мұз айдыны сарайы қашан да жас спортшыларға толы.
Айдана Момынова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Хоккейді осында келіп көрсеттім, ұлыма ұнады. Бұл академияда құрал-жабдықтардың бәрі тегін беріледі. Жаттығулар тегін. Бәрі ыңғайлы. Ата-аналар күтетін орын да бар.
Академияда балалар дайындығына аса жауапкершілікпен қарайды. Жаттықтырушылар «Барыс» клубынан, Ресейден алдыртылған. Сондықтан алдағы мақсаттары биік.
Рустам Донанов, хоккей академиясының басшысы:
- Академия құрғанымыздағы мақсат – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты, оның ішінде олимпиадалық спорт түрлерін дамыту. Әр жыл сайын болашақта ел құрамасында ойнайтындай екі-үш баланы тәрбиелеп шығаруды жоспарлап отырмыз.
Ал мынау олимпиада резервтерін дайындайтын балалар және жасөспірімдер спорт мектебі. Негізгі бағыты греко-рим, еркін күрес және таэквондо. Бұл мектептің 800-ге жуық тәрбиеленушісі бар. Биылдан бастап еңгізілетін жан басына шаққандығы қаржыландыру жүйесі осындай ірі спорт мектептері үшін тиімді. Алайда оның өзіндік талаптары да бар.
Мақсат Ережепов, жасөспірімдер мен балалардың олимпиадалық резерв мектебінің директоры:
- Қаржыландыру кезінде көбісінде сұрақтар туындайды. Кейбір балалар дұрыс нәтиже көрсете алмаса, олардың жарысқа шығуы кішкене азаяды. Ал керісінше нәтижені жақсы көрсетсе, оған бүкіл жағдай жасалады.
Қалай дегенмен де биылдан бастап балалар спортын қаржыландыру біршама артады. Өңірде 30 спорт мектебі жұмыс істейді. Олар 18 мыңнан астам баланы қамтып отыр.
Ерболат Жабағин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:
- 18 млрд-тан астам қаржы спорт саласына бөлінді. Бұған дейінгі жылмен салыстырғанда 4 млрд-қа көп. Бұл 18 млрд қаржының 45 пайызына дерлік бөлігі балалар спортына бөлінген.
Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде облыс халқының 48% спортпен тұрақты түрде айналысады.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров