Немістер Ақ Олимпиадаға тас-түйін дайын. Спорт жаңалықтары

  • 7
  • 13.01.2026, 21:39

Түркияның Анталья қаласында грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті. Осы сында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 қола жүлдеге қол жеткізді. 67 келіде Бағдат Сабаз бен 72 келіде Юсуф Ашрапов чемпион атанса, Еркебұлан Ардақов пен Рахат Бержанов қола жүлде иеленді.  

Олимпиада қарсаңында

Немістер Ақ Олимпиадаға тас-түйін дайын. Дүйсенбі күні Мюнхенде Германия құрамасының спорттық киімдері таратылды. Барлық қыз-жігіттердің көңіл күйлері керемет. Төрт жыл бұрын Бейжің Олимпиадасында немістер жалпы командалық есепте тек Норвегияны алға жіберіп, екінші орыннан көрінген болатын. Осы жолы топ жаруды көздеп отыр.

Шара барысында жергілікті тілшілер біраз спортшыларды әңгімеге тартқан екен, қыз-жігіттер ағынан жарылыпты. Бобслей спортының шеберлері Лиза Мари Баквиц пен Йоханнес Лохнер алтын медаль алу үшін аянып қалмаймыз десе, хоккейші Кай Виссман: «Дайындық жұмыстары ойдағыдай өтті, үздік үштіктен көрінуге әл-ауқатымыз жетеді», - дейді. Ал спорттық киімдердің сапасы сын көтереді. Ойындардың ашылуы мен жабылуына киіп шығатын күртешелер жылы және ерекше үлгіде тігілген. Немістер Ақ Олимпиада ойындарында 15 спорт түрінен  50-ден аса үміткер апаруды жоспарлап отыр. Әзірше хоккей құрамасы толықтай жасақталды.

Алау эстафетасы альпі шыңында

Олимпиада алауының эстафетасы Франциямен шегаралас Альпі тауларының ең биік шыңы – Монбланға жетті. Бұл шараға тек қысқы спорт түрлері ғана емес, жазғы ойындардың чемпиондары мен параолимпиадашылар, сондай-ақ өнер жұлдыздары мен өзге саланың мықтылары да қатысып жатыр. Жалпы  алауды алып жүру құрметіне 500-ден аса үміткер ие болған.

Желтоқсан айында басталған Алау эстафетасы 12 мың шақырым жол жүруі тиіс. Қазіргі таңда бел ортасына келіп жетті. Бұған дейін Сардиния мен Сицилия аралдарында болған Ақ Олимпиада алауы Неаполь мен Бари қалаларында басып өтті. Алау эстафетасы 26-шы қаңтар күні Кортина д'Ампеццоға табан тірейді. Дәл осы жерде 70 жыл бұрын Ақ Олимпиаданың алауы тұтанған болатын. Ал 5-ші ақпанда алау Миланға жеткізіліп, 6-шы ақпан күні Сан Сиро стадионында 25-ші қысқы ойындардың алауы ресми түрде жанады.