Ақтөбе облысы тұрғындарының 44 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Мұндай көрсеткішке қол жеткізудің басты себебі – спорт нысандары қатарының артуы. Соңғы 2 жылда 19 дене шынықтыру, сауықтыру кешені ашылған. Мәселен, Қызылжар ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 700-ден астам жеткіншек бар. Дәстүрлі футбол, волейбол, баскетбол және күрестен бөлек, бадминтон ойнап үйренуге де болады.
Биыл облыс аумағында тағы 15 спорт нысаны ашылуы тиіс. Оның бесеуі Ақтөбе қаласында болса, 10 дене шынықтыру, сауықтыру кешені шалғайдағы ауылдарда салынады. Өңірде маман тапшылығы мәселесі де туындаған. Сондықтан атқарушы билік өкілдерді жаттықтырушыларды өзге өңірлер мен алыс-жақын шетелден алдыртып жатыр.
Мейрамбек Махамбетов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы:
- Мәскеуден келген маман бүгінгі күні жас шорт-трекшілермен жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар қаңтар айынан бастап семсерлесу спорт түрінен Алматы қаласынан екі маман келді және де наурыз айынан бастап Шымкент қаласынан мәнерлеп сырғанауға тағы да маманымыз келеді. Тағы да ерекше атап өтетініміз – ол үстел теннисі спорт түрінен бізге хорватиялық маман 2026 жылдың ақпан айынан бастап жұмысын бастайтын болады.