Қазақ елінің футболшылары жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Қаржысы бар клубтар жылы жаққа барып жаттықса, премьер лигаға енді ғана қосылған Шығыс Қазақстанның «Алтайы» әзірше Астанадан аса алмай жүр. Өскемендіктер өткен маусымда үздік үштіктен көрініп мықтылар қатарына қайта қосылған болатын. Яғни 13 жылдық үзілістен кейін «Алтай» премьер-лигаға жолдама алды. Команданы тәжірибелі бапкер Вахид Масудов жаттықтырады. Жаңа маусымға нақты жоспар жоқ. Ең бастысы төменгі топқа түсіп қалмау. Жаттықтырушылар негізінен жергілікті жастарға сенім артып отыр. Дегенмен Хижниченко секілді тәжірибелі ойыншыларда бар. Вахид Масудов, «Алтай» клубының бас бапкері: - Жігіттер премьер-лигаға шыққандарын жақсы түсінеді. Алда команданы бұрынғыдан да қиын әрі ауыр ойындар күтіп тұр. Енді байыпты түрде дайындалып, жаңа маусымда жаңа деммен ойнаймыз. Клубтың алдына қойған мақсаты Қазақстан премьер-лигасында тұрақты ойнап, турнирлік кестеде жоғары көтерілу. Әрине ішкі чемпионат оңай емес. Бізде жастар өте көп. Енді құрамды Сергей Хижниченко секілді тәжірибелі футболшылармен толықтыратын уақыт келді. Футболдан Қазақстан премьер-лигасы наурыз айында басталады.