Катар астанасы Доха қаласында стенд атудан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. 17 елден 200-ге жуық үміткердің арасында Қазақ елінің мергендері де бар. Жарыстың алғашқы күндері әйелдер арасында скит сайысында жерлесіміз Адель Садақбаева ең үздік нәтиже тіркесе, Қазақстан қыздар құрамасы командалық сында да топ жарды. Аделмен бірге ел намысын Ольга Хайлова мен Әсем Орынбай қорғаған болатын. Екі алтыннан бөлек қоржынымызда 3 қола медаль бар. Атап айтсақ, Ольга Хайлова жекелей сында үздік үштікті түйіндесе, аралас жұптық сында және ерлер арасындағы командалық сында да қыз-жігіттеріміз жеңіс тұғырына көтерілді. Жүлде саны тағы артуы мүмкін. Доха қаласындағы Азия чемпионаты 22 қаңтарға дейін жалғасады.
Шымкентте каратэден үш елдің үздіктері бас қосты.
Жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің биылғы ерекшелігі қатысушылар саны мыңға жуықтапты. Үміткерлер 4 жас санатында өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге рейтингілік ұпайлар берілді. Енді жас каратэшілердің Қарағанды мен Оралда өтетін жарыстарда да ұпайлар жинап, құрлықтық және әлемдік бәсекелерге қатысатын мүмкіндіктері арта түседі.