Австралия ашық біріншілігінде сынға түсіп жатқан қазақстандық теннисшілердің аяқ алысы жаман емес. Юлия Путинцева мен Александр Бублик те үшінші айналымға жолдама алды. Елена Рыбакина кортқа шығады.
Италияға баратын биатлоншылар белгілі
Ақ Олимпиаданың басталуына да аз ғана уақыт қалды. Қысқы спорттың ішінде жұрт қызыға көретін спорт түрлерінің бірі биатлон десек, қазақ еліне Олимпиада ойындарына 4 квота бөлінгенін бұдан бұрын айтқанбыз.
Италияға баратын қыз-жігіттердің есімі белгілі болды. Олар Әсет Дүйсенов пен Владислав Киреев және Айша Рақышева мен Милана Генева. Биатлоншыларымыздың тәжірибесі жеткілікті. Дегенмен жүлденің ауылы алыс екені айтпасақ та түсінікті. Бірақ бақ деген бар. Ең бастысы, спортшылар бабында барса, кез келген сәтте бақтары жанып кетуі де мүмкін. Қазіргі таңда спортшыларымыз Чехиядағы әлем кубогына қатысып жатыр. Содан кейін бірден Италияға жол тартады.
Ынтымақтастық туралы меморандум
Қазақстанның спорт және жауынгерлік самбо федерациясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар комитет қызметкерлерін дене шынықтыру және арнайы дайындық бағдарламаларына самбо күресін енгізу, ведомстволық жарыс жүйесін дамыту, нұсқаушыларды даярлау, республикалық және халықаралық жарыстарға бірлесе қатысуға келісті.
Ынтымақтастық аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесінде самбо күресін нормативтік-құқықтық тұрғыдан шоғырландыруға және материалдық-техникалық базаны дамытуға ерекше көңіл бөлуге уағдаласты. Бұл меморандум тараптар үшін қаржылық міндеттемелерді туындатпайды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді, бағдарламаларды, жол карталарын одан әрі әзірлеуге негіз болады.
«Барса» чехияға барды
Еуропа чемпиондар лигасының 7-ші іріктеу тур ойныдары жалғасады. Каталонияның Барселонасы Прагада жергілікті Славиямен кездеседі. Испания чемпиондарының сапынан жұлдыз ойыншы Ламин Ямаль ескертуіне байланысты алаңға шыға алмайды. Бірақ бәрібір бұл жұпта қонақтар фаворит. Сан-Себастьяндағы сәтсіздіктен кейін Ханси Флик шәкірттері ашулы. Сондықтан қалайда үш ұпай алып қайту үшін аянып қалмайды. Ал жергілікті жанкүйерлер алдында алаң иелері де: «Азулы қарсыластарын аяқтан шалып қалсақ», - деп отыр. Ендеше тартысты ойын болғалы тұр.
Жандос Айтбай