Австралия ашық біріншілігінде сынға түсіп жатқан Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина екінші айналымға жолдама алды. Ол словениялық Кая Юванды екі сетта жеңді. Есеп – 6:4, 6:3. Енді жерлесіміз француз теннисіші Варвара Грачевамен кездеседі.
Ақ Олимпиадаға баратындар анықталды
25-ші қысқы Олимпиадаға баратын Қазақстан құрамасы толықтай белгілі болды. Италия жерінде ел намысын 36 спортшы қорғайды. Яғни шорт-трек пен биатлон, коньки мен шаңғы, мәнерлеп сырғанау мен фристайлдың могул және акробатика түрінен, сондай-ақ тау шаңғысы мен шаңғы қоссайысы және тұғырдан секіруші жігіттеріміз сынға түседі. Жалпы қысқы спортқа қыруар ақша бөлінді. Нақтырақ айтсақ, 13 млрд 300 миллион теңге. Төрт жыл бұрынғыдай қоржынымыз бос қайтып жатса, спортқа жауапты мамандар қаржының қайда жұмсалғаны жөнінде есеп беруі тиіс.
Милан мен Кортина Олимпиадасын «Хабар» арнасы дәстүр бойынша тікелей эфирде көрсетеді.
Бұқаралық шаңғы жарысы өтеді
Қысқы олимпиадаға қатысушыларды қолдау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында Астанада шаңғы жарысы өтеді. Жалпы жыл сайын мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтар орталық саябаққа жиналып, шаңғымен жарысуды дәстүрге айналдырған десек те болады. Бұл игі бастама биыл да жалғасын тауып, әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша үздіктер анықталады. Яғни қысқа қашықтық 500 метрді құраса, ең ұзағы 2,5 шақырымға созылады.
Айта кету керек, бұл тек әуесқой шаңғышыларға арналған жарыс. Ерекшелігі сол бұнда ешқандай жарна, не төлем талап етілмейді. Қатысу тегін. Бұқаралық шаңғы жарысының өзі 24 қаңтар күні сағат 10:00-де Орталық саябақтағы шаңғы-роллер жолында өтеді.
Спортинг чемпиондарды қабылдайды
Еуропа чемпиондар лигасының 7-ші іріктеу ойындары өтеді. Өткен маусымда қарсыластарының бәрін қалпақпен ұрып алған «Пари Сен-Жермен» сол чемпиондық атақтарын биыл да қорғап қалғысы келеді.
Француздар Лиссабонда жергілікті «Спортингтен» сынақ қабылдайды. Сынақ деген сөзіміз тым ауырлау болуы мүмкін. Өйткені Португалиялықтарңыз да оңай шағылар жаңғақ емес. Жарысты жалғастыратын мүмкіндіктері мол. Қоржындарында 10 ұпай бар және өткен жылдың тамыз айынан бері Руй Боржеш шәкірттері «Жозе Алвалад» стадионында жеңілмеген екен. Ендеше алаң иелері Дембелелердің дегбірін қашыруы әбден мүмкін.
Жандос Айтбай