5 отандасымыз 3 спорт түрінен жарыс жолына шықты. Тау шаңғысы мен шорт-тректен және шаңғымен тұғырдан секіруден сынға түсті. Шорт-трекшілердің бүгінгі жетістігі қандай болды?
Ақ Олимпиаданың көбі кетіп, азы қалды. Дүйсенбіде Миландағы мұз айдынына асықтық. Өйткені біз үміт артқан шорт-трек шеберлері жарыс жолына шықты. Абзал Әжғалиев пен Денис Никишаның бұл төртінші Олимпиадасы болатын. Екеуінің де қоржындарында барлық жарыстың жүлдесі бар. Тек Олимпиаданың ғана жүлдесі жетпей жүр. Осы жолы жігіттер аянып қалмаймыз деп уәде берген болатын. Алдымен жарысты Абзал бастады. Қарсыластарының осал жоқ еді. Италия мен Түркия және латвиялық жігіттер талай жарыстарда жүлде алған тісқаққан спортшылар болатын. Әсіресе жергілікті жанкүйерлер Пиетро Сигелге тік тұрып қолдау көрсетті. Бейжің Олимпиадасының күміс және қола жүлдегері енді туған жерінде топ жарсам деп отыр. Абзалда да тәжірибе жетіп артылады емес пе?! Асыққан жоқ. Қателіктерге бой алдырмады. Мәреге таяған тұста тізгінді жіберді. Абзалдың қарқынына ілескісі келген Латвия мен түркиялық спортшылар бір-біріне соқтығысып құлады. Соңғы сәтте Абзал аяғын созып жіберіп, Пиетроның алдын орап кетті. Осылайша жерлесіміз ширек финалға шықты.
Ақ Олимпиаданың ашылу рәсімінде көк туымызды көтеріп шыққан Денис Никишаның да жолы болды. Мәре сызығын үшінші болып кессе де, уақыт көрсеткіші бойынша ширек финалдық жолдамаға иелік етті. Денистің де қарсыластары оңай болған жоқ. Әсіресе канадалық Стивен Дибуада осы қашықтықтағы басты фавориттердің бірі. Осылайша жерлестеріміз жүлденің ауылына жақындай түсті. Енді сәрсенбі сәтін салып Шайдоров алтын алған аренада қанжығамыз тағы майланып жатса тіпті тамаша болар еді. Бүгін сондай-ақ тау шаңғысының слалом түрінен Ростислав Хохлов кереметтей нәтиже көрсете алмады. Енді жарты сағаттан кейін шаңғымен тұғырдан секіруден командалық сайыс өтеді. Жерлестеріміз Илья Мизерных пен Данил Васильевке сәттілік серік болсын дейміз.
Жандос Айтбайұлы, Ерсін Мұхаметәлин