Қысқы Олимпиада: Қазақстан 17-орында тұр

  • 482
  • 17.02.2026, 21:51

25-ші Қысқы Олимпиаданың дүйсенбілік жарыс күнін шаңғымен тұғырдан секіру бәсекесі түйіндеген болатын. Командалық сайыста Қазақстан намысын Илья Мизерных пен Данил Васильев қорғады. Жігіттеріміз бірінші кезеңнен сүрінбей өткенімен, финалға шыққан үздік сегіздіктің қатарынан көріне алған жоқ. Дегенмен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада жеңімпазы 19 жастағы Илья Мизерныхтың аяқалысы ұнады. Ересектер додасына енді ғана араласып жүрген Илья осы қарқынын жоғалтпаса, енді төрт жылдан кейін мықтылармен үзеңгі қағыстыруы бек мүмкін.

Бүгінгі жарыс шаңғы қоссайысымен басталды. 36 үміткердің арасынан Шыңғыс Ракпаров жарысты 32-ші болып аяқтады. Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты фристайл-акробатика бәсекесі кейінге шегерілді. Конькиден Қазақстан құрамасы командалық сайыстан бас тартты. Бапкерлер: «Жүлденің ауылы алыстау болған соң қыздарды босқа шаршатудың қажеті жоқ, алда жауапты кезеңдер бар»,- деді. Бүгінгі жарысты мәнерлеп сырғанаушылар қортындылайды. Миландағы мұз айдынында қыздар қысқа бағдарлама бойынша өнер көрсетті.

Михаил Шайдоров алтын алған аренадан қоржынымызға тағы жүлде түсіп қалуы ғажап емес. Ел намысын қорғайтын Софья Самоделкинаға сәттілік серік болсын дейміз.