Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров елге оралды

  • 123
  • 25.02.2026, 21:34

Еліміздің даңқын асқақтатқан қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазын өткен түні астаналықтар әуежайда салтанатты түрде күтіп алды. Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларына алғыстарын айтты. Ал демушілер пәтер табыс етті.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Қысқы Олимпиада барысында алтын медаль алған Михаил Шайдоровты күтіп алу үшін елорда әуежайына келген адамдар аз болмады. Олардың арасында жанкүйерлер, әуесқой спортшылар және тіпті қарапайым қала тұрғындары да бар. Ол бұған дейін де біраз белестерді бағындырғаны белгілі. 

Михаил Шайдоров – көк туымызды Олимп шыңына көтерген спортшы. Мәнерлеп сырғанаудан үздік өнер көрсетіп, өз қарсыластарын мол ұпаймен басып озды. Оның алған алтын медалі – дәл осы ойын түрі бойынша Қазақстанның соңғы 32 жылда қол жеткізген жетістігі. Даңқты чемпионды жерлестері сән-салтанатпен күтіп алды.

Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:

- Әлемдік додада елімнің туы көтерілгенде кеудемді қуаныш кернеді. Мені қолдаған барлық жанға алғысым шексіз. Олардың жылы сөзі маған тек қуат береді. Әрі қарай да өз елімнің даңқын арттыруға күш саламын.

Чемпионмен бірге Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен Софья Самоделкина, Ұлттық олимпиадалық комитет басшысы Геннадий Головкин, команда жаттықтырушылары мен Туризм және спорт министрлігінің басшылығы да келді. Салтанатты іс-шара барысында спортшылар мен бапкерлерге демеушілер баспана кілтін табыстады.

Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:

- Қысқы спорт түрлерінің ішіндегі бұл даму үрдісі алдағы уақытта да жалғасады. Өйткені осы қысқы спорт түріне бізде 36 спортшы аттанса, олардың әрқайсысына кешенді дайындық бойынша бағдарлама құрылған болатын. Осы бағдарлама нәтижесінде біздің көптеген спортшыларымыз алғашқы ондыққа еніп, кейбіреуі бұрыңғы көрсеткен көрсеткіштерін тарихи тұрғыдан жаңарта білді. Бұл дегеніміз алдағы басқа да спортшыларымызға мүмкіндік ашатын жол деген сөз.

Италияда өткен 25-ші қысқы Олимпиада ойындарына елімізден 36 спортшы барды. Михаил Шайдоров қана жеңіс тұғынынан көрінді. Енді тиісті министрлік ойын қорытындысы бойынша талдау жүргізбек.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Дайындық әдістемесі халықаралық стандарттарға сай ма, осының бәрін аналитика жасап барып, біз бірден «осы спортшы алтын, күміс, қола медаль бермеді», - деп ұжымды толық алып тастауға да болмайды. Егер бәсекеге қабілетті болып, әрі қарай бізде қазір толық аналитика жүреді. Содан кейін шешім қабылдайтын боламыз.

Енді елде қысқы спорт түрлерін дамытуға басымдық беріледі. Ол үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту қолға алынбақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейрамбек Қайыркелді