Болгария астанасы Софияда бокстан «Странджа» турнирі өтіп жатыр. Бұл жыл басындағы беделді жарыстардың бірі. Былғары қолғап шеберлерінің өзі мұны кіші әлем біріншілігіне балайды. Өйткені мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен тек жастар ғана емес бірінші нөмірлі боксшылары да келеді. Қазақ еліннен Болгариядағы жарысқа 30-дан аса үміткер барды. Олардың арасында ересектер жарысына ендігі ғана араласа бастаған жастар және тәжірибелі қыз-жігіттерде бар. Ерлер құрамасын Странджа турниріне бірінші рет Нұржан Насанов бастап барды. Ұлттық құраманың бас бапкері негізгі турнир наурыз айында Моңғолияда өтетін құрлық біріншілігі және күзде болатын Азия ойындары деп отыр. Жігіттердің жетеуі іріктеу кезеңінде сүрінді. Бүгін шаршы алаңға Фарух Тоқтасынов пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы, және Илья Калинин мен Ертуған Зейнуллиновтар көтеріледі. Қыздардың да аяқ алысы жаман емес. 16 боксшымыз ширек финалда. Олардың тең жарымы іріктеуде ірілік танытса, қалғандары жарысты осы кезеңнен бастайды. Ал 80 келіде Надежда Рябец финалда бақ сынайды. Бүгін жарыстың 4-ші күні Әйгерім Сәттібаева Украина боксшысы Ханна Охотаға есе жіберсе, Анель Құдайберген өзбек Сабина Бобоқұловаға жеңілді.
Паралимпиадашылар Миланда өтетін қысқы ойындарда бақ сынайды
Сейсенбі күні Сток-Мандевильде басталған паралимпиадашылардың алау шеруі Миланның қақ ортасындағы Дуомо Милано алаңын басып өтті. Алауды тау шаңғысынан 4 дүркін паралимпиада чемпионы ұлыбританиялық Милли Найт пен Италия хоккей құрамасының капитаны Андреа Макри жаққан болатын. Алау эстафетасы 6 наурызға дейін Италияның барлық қаласын басып өтеді. 14-қысқы паралимпиада ойындарында Қазақстан намысын 7 спортшы қорғайды. Олар Ербол Хамитов пен Александр Герлиц, Сергей Усольцев пен Юрий Березин және Анна Грачёва мен Нұрлан Әлімұлы сондай-ақ Владислав Кобальдар парашаңғы мен парабиатлоннан сынға түседі. Жерлестерімізге сәттілік серік болсын дейміз.