Коньки спортынан Германияның Инцелле қаласында өткен жасөсіпірімдер арасындағы әлем біріншілігінде жерлесіміз Кристина Шумекова жеңіске жетті. Ол 500 метрлік қашықтықта алдына жан салмады. Күміс канадалық Джулия Снелгровқа бұйырса, қола поляк қызы Виктория Дабровсканың қанжығасында кетті.
Аруларымыз алтыннан алқа тақты
Балуан қыздарымыз жарады. Албанияда өткен әлемдік рейтингтік жарыста жерлестеріміз Зейнеп Баянова мен Лаура Алмағанбетова алтын медаль жеңіп алды. Зейнеп Баянова 50 келіде белдесіп, іріктеу кезеңдерінде АҚШ пен Жапония және Үндістан өкілдерін ұтса, финалда тағы бір үндістандық спортшыдан 13:2 есебімен басым түсті. Ал 55 келідегі Лаура Алмағанбетова алғашқы айналымда Үндістан өкілін тізе бүктірсе, жартылай финалда германиялық спортшыдан айласын асырды. Ақтық сында украина өкілі Лиллия Маланчукпен белдесіп, тартысты кездесуде 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды. Сәйкесінше, Қазақстан қоржынына 2-алтынды салды.
Жеті қыз жартылай финалда
Болгария астанасы София қаласында бокстан дәстүрлі Странджа турнирі жалғасып жатыр. Ел намысын қорғауға барған 36 үміткердің күн сайын қатары сиреп барады. Қыздар арасында 7 боксшысымыз жартылай финалға жолдама алды. Олар 54 келіде Әнел Сақыш пен Элина Базарова, 65 келіде Лаура Есенкелді мен 75 келіде Валентина Хальзова, сондай-ақ 80 келіден жоғары салмақта Дина Исламбекова мен Валерия Аксеновалардың әзірге қоржындарында қола медаль бар. Дегенмен бұрымдылардың алтын мен күмістен де дәмесі бар.
Жігіттер ширек финалдық жекпе-жектерін өткізеді. Сұлтанбек Айбарұлы мен Нурмогамед Юсупов және Нұрлан Сапарбайұлар өзбек боксшыларымен жұдырықтасса, Дәулет Төлемісов пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы америкалық былғары қолғап шеберлерімен кездеседі.
Дзюдошыларды үлкен додалар күтіп тұр
Дзюдодан Қазақстан құрамасы жаңа маусымға қызу дайындалып жатыр. Мамандардың таратқан мәліметке сүйенсек, балуандарымызды жақын арада екі бірдей халықарлық жарыс күтіп тұр. Алдымен спортшылар 6-8 наурыз аралығында Өзбекстандағы «Үлкен дулыға» мен Австриядағы гран-при турниріне қатысады. Одан кейін Азия ойындары бар. Қазір ұлттық құрамада айтарлықтай өзгеріс жоқ. Дегенмен бірқатар жас спортшылар негізгі құрамға қосылған.