Болгарияның София қаласында бокстан «Странджа» турнирі мәресіне жетті. Екі аптаға созылған дәстүрлі жарысқа елімізден 39 үміткер барған болатын. Бұйырғаны 9 медаль ғана. Оның 4-уі алтын, екеуі күміс, үшеуі қола. Жігіттерден гөрі қыздарымыздың нәтижесі тәуір. Элина Базарова мен Надежда Рябец және Валерия Аксеновалар алтыннан алқа тақса, Лаура Ескенкелді күміс, ал Валентина Хальзова мен Әнел Сақыш, сондай-ақ Дина Исламбековалар қолаға қол жеткізді. Ерлер сайысында Даниал Сәбит қана топ жара алды. Ал Фарух Тоқтасынов финалда Америкалық Лавант Бронулиге есе жіберіп күмісті қанағат тұтты. Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов жастарға мүмкіндік бердік. Негізгі жарыс Азия чемпионаты деген болатын. Оны уақытында көре жатармыз. Бірақ Болгариядағы нәтижеге біраз жанкүйерлердің көңілі толмады. Енді құрлық біріншілігінде Нұржан Насанов шәкірттері намысқа тырыспаса, бас бапкердің басы дауға қалды дей беріңіз.
75 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Котырашов сапарға шықты
Әлемді жаяу аралуға ниет еткен 75 жастағы жиһанкез Сарсенбай Котырашов ертең сапарының төртінші кезеңін Еуропадан бастайды. Бүгін ол Сербияға ұшып барады. Алдағы бағыт Венгрия, Австрия, Германия арқылы Францияға жаяу жету. Ақсақал 58 күнде 2 мың 800 шақырым жүруді көздеп отыр. 4 жыл бұрын жиһанкез Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырымды бағындырған. Кейін Атыраудан шығып, Ресейдің Кавказ аймақтары мен Грузия арқылы Стамбул қаласына жетіпті. Ал 2024 жылы Өскеменнен Алтай мен Моңғолия арқылы Бейжіңге сапар шеккен. Енді келер жылы Америка құрлығын жаяу аралауды жоспарлап отыр.
Сәрсенбай Котырашов, жиһанкез:
- Сол жақтағы ауа райы мен үшін қиын емес. Қаншама жер жүрдім. Күннің ыстығына да, жаңбыр жауып тұрғанда да, бәрі болды. Туннеллден де жаяу өткенмін. Бір күнде орташа 40 шақырым. Ыңғайына қарай, елді мекеннің қашықтығына байланысты. Егер алыстау болса, 50 одан да ары кетіп қаламын.
Германияда конькишілер керемет нәтиже көрсетті
Олимпиада ойындарында конькишілерден жүлде күтіп жүрсек, мықтыларымыздың бәрі басқа жақта жүрген көрінеді. Иә, Германияда өткен жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік жарыста жерлестеріміз 7 медаль жеңіп жағамызды ұстатты. Оның 6-уы алтын болса қалайша таңқалмайсың?! Жарыстың соңғы күні Вадим Чебардаков масс-стартта топ жарып, тіпті таң тамаша болдық. Кристина Шумекованың бір өзі төрт рет жеңіс тұғырынан көрініп, әлемде теңдесіз спортшы екенін көрсетті. Жерлестеріміздің жетістігін әріптестер жарыса жазып жатыр. Қыз-жігіттер келешекте ересектер жарысында да дәл осылай нәтиже көрсетіп жатса, шын қуанамыз, және тек қана тілекшіміз. Жандос Айтбай