Милан-Кортина Паралимпиадасы жалғасып жатыр. Кеше тау шаңғысынан жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі белгілі болды. Слаломда әйелдер арасында Варвара Ворончихина Ресей қоржынына алғашқы алтын медальды салды. Төрт жыл бұрынғы Паралимпиада ойындарына Ресей мен Белорусиялық спортшыларды қатыстырмаған еді. Биыл рұқсат берілді. Бірақ Украина бастаған біраз ел бұл шешімге келіспей Веронада өткен ашылу рәсіміне қатысқан жоқ. Күміс жүлде Француз қызына бұйырса, швециялық спортшы қоланы қанағат тұтты. Слалом гигантта отырып сырғанау түрінен Испан қызы Одри Паскуль чемпион атанса, жапон Мамока Мураока күміс қытай Лю Ситун қолаға қол жеткізді. Ал қазақстандық спортшылар арасынан кеше Анна Грачова пара шаңғыдан мәре сызығын 12-ші болып кесті.
Бангкокта жастар арасындағы бокстан лицензиялық турнир өтіп жатыр
Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан жастар арасындағы лицензиялық турнир өтіп жатыр. Яғни жарыс жеңімпаздарына күзде болатын жастар арасындағы Олимпиада ойындарының жолдамасы беріледі. Сондықтан әлем елдері кіл мықтыларын әкелген көрінеді. Қазақстан құрамасының намысын қорғауға 19 үміткер барды. Соның 10-ы жігіттер. Әзірше жастарымыздың аяқ алысы жаман емес. Барлығы да алғашқы іріктеуден іркілмей өтті. Кеше Едіге Нұрқожа мен Досжан Жұмақан және Даниял Шалқарбайлар жеңіске жетсе, бүгін Арман Мырсабит Грузин боксшысы Шалва Беридзеден басым түсіп келесі кезеңге жолдама алды. Қыздарға қиындау болып тұр. Қиыны сол кейбір жекпе-жектерге төрешілер араласып бұрымдылардың бағын байлапты. Әсіресе 48 келіде Асылай Мұратқа көпекөрнеу қиянат жасалған. Өзбек қызы Мафтуна Мусурмоновамен болған кездесуде қазылар жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатып, жерлесіміз ескерту нәтижесінде жарысты аяқтауға мәжбүр болған. Ал Марал Төлепберген мен Айым Таңқыбаевалар қарсыластарына есе жіберіп қойды.