Таиланд астанасы Бангкокта жас боксшылардың жарысы жалғасып жатыр. Бұл жастар арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама беретін лицензиялық турнир екенін айтқанбыз. Сәрсенбі күні шаршы алаңға 6 бірдей отандасымыз көтерілді. Алдымен 55 келі салмақта Едіге Нұрқожа Түркімен боксшысымен қолғап түйістіріп, қарсыласына ұпай санымен жол беріп қойды. Осылайша жарыс күні біздер үшін сәтсіз басталғанымен аяғы жаман болған жоқ. Едігеден басқасының бәрі жеңіске жетті. Атап айтсақ 70 келіде Бейбарыс Әшірбай мен ең ауыр салмақта Владислав Саможонов және 50 келіде Арман Мырсабиттер қарсыластарын техникалық нокаутпен жеңсе, 60 келіде Досжан Жұмақан өзбек Бобомурат Боймырзаевты 4:1 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ Даниял Шалқарбай Канада өкілі Сонни Мередиздің осал тұсын тапты.
Милан-Кортина Паралимпиадасында жүлделер сарапқа салынды
Милан-Кортина Паралимпиадасының кезекті жарыс күні тау шаңғысынан жүлделі орындар сарапқа салынды. Қыздар арасындағы супергигантта яғни, отырып сырғанау сайысында Испан қызы Одри Паскуаль осы ойындардағы екінші алтынын жеңіп алды. Осылайша бір күн бұрын тұрып сырғанау кезінде бағы жанған Паскуаль екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Ерлер арасында Голландиялық Йерун Кампшрер топ жарды. Слаломда сәтсіздікке ұшырап құлап қалған Голландия спортшысы супергинатта алдына жан салған жоқ. Кеше парашаңғыдан ерлер арасында Ербол Хамитов Қазақстан қоржынына алғашқы қола медальды салған болатын. Дәл осы спринттік қашықтықта қыздар арасында Норвегиялық Вильде Нильсен жеңімпаз атанса, Америкалық Сидней Петерсон күміс Канада спортшысы Натали Кан қолаға қол жеткізді. Паралимпиада ойындары жексенбіге дейін жалғасады.