Қазақстандық конькиші Евгений Кошкин Нидерландының Леуварден қаласында өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды. «Күміс шар» аталған дәстүрлі турнирде Кошкин өткен жылы да топ жарған еді. 100 метрде 00:09.56 секунд нәтижесін көрсеткен жерлесіміз басты қарсыластарының алды болды.
Италияда паралимпиада ойындары жалғасып жатыр. Кеше парашаңғышылар классикалық әдіспен спринтерлік қашықтықта жүлделі орындарды сарапқа салды. Яғни көз жанары зақымданған спортшылар көмекшілері арқылы жарыс жолына шықты. Бұл сайыста ресейлік Анастасия Багянның бағы жанды. Ол өзінің сүйемелдеушісі Сергей Синякинмен бірге жеңіс тұғырына көтерілді. Неміс Лин Казмайер күміс жүлдені еншілесе, қытай қызына қола медаль бұйырды.Ерлер арасындағы сында Қазақ елінің спортшылары да бақ сынады. 30 үміткердің арасынан Владислав Коваль мәре сызығын 15-ші болып кессе, Нұрлан Алимов жартылай финалға бір табан жетпей қалды. Үздік 12 спортшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алса, Нұрлан мәреге 13-ші болып келді.
Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан жастар арасындағы лицензиялық турнир жалғасып жатыр. Бейсенбілік жарыс күні шаршы алаңға сегіз отандасымыз шықты.
Алдымен 57 келі салмақта қыздар арасында Ақнұр Тұрсынбай Италия өкілі Кесиа Рилимен жұдырықтасып жеңісті жұлып алды. Алғашқы раунттан кейін қарсыласына 0:5 ұтылып жатқан қарындасымыз уақыт өте келе жылдамдығын арттырып, соның нәтижесінде кездесуді өз пайдасына шешті. 60 келіде Жасмин Абрамян жапон қызы Айано Мочиден айласын асырса, 65 келіде Айсұлу Мұхит Австралия былғары қолғап шебері Тиана Рюді ұтты. Есеп 5:0. Жігіттер арасында Бейбарыс Әшірбай оңтүстіккореялық қарсыласының осал тұсын тапса, 65 келіде Даниял Шалқарбай украин боксшысы Ростислав Хородинскийге есе жіберді.