Ербол Хамитов Паралимпиадада екі медаль жеңіп алды

  • 9
  • 13.03.2026, 21:59

Паралимпиада ойындарына қатысып жатқан әрбір спортшы мақтауға лайық! Өйткені олар тағдыр сынағына сынбай, барлық қиындықтарды еңсере білген ең мықты жандар. Сол мықтылардың ішінен оза шапқан Ербол Хамитовтың ерлігі қазақ елін қуанышқа бөледі. Ер мінезді Ербол ешбір қиындыққа мойымай алдына үлкен мақсат қойып, сол мақсатына жету жолында тынбай еңбек етті. Ерінбей еңбек еткенге бақыт қашанда басын иеді. Қазақ ұлының Италияда бағы жанып, бір алтын, бір қола медальға қол жеткізді. Және екі түрлі спорт түрінен. Алдымен парашаңғыдан үздіктер қатарынан көрінсе, бүгін парабиатлонда алдына жан салмады. Ерболдың жеңіске деген жігер мінезі, қайтпас қайсарлығы мен еңбекқорлығы кез келген спортшыға үлгі болуға тиіс.  

Бангкоктағы жарыс: қазақ спортшылары жартылай финалға өтті

Бангкокта өтіп жатқан жас боксшылардың жарысы енді қызады. Өйткені іріктеу кезеңі аяқталып, бүгін ширек финалдық жекпе-жектер басталып кетті. Қазақ елінен барған 19 үміткердің 14-і жарысты жалғастыруға мүмкіндік алған, бүгін 9 боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. Алдымен қыздар арасында Жасмин Абрамян голландиялық қарсыласына есе жіберсе, Арман Мырсабит Украина боксшысына есе жіберді. Одан кейін Бейбарыс Әшірбай ұпай санымен америкалық Асанте Ламардан басым түссе, Нұрсұлтан Қыстаубаев тәжік Жахонгир Рузибоевты техникалық нокаутпен ұтты. Түстен кейін Ақнұр Тұрсынғали мен Досжан Жұмақан, Тимур Тайбековтер жартылай финалға жолдама алса, Айсұлу Мұхит Америкалық қарсыласына жол беріп қойды.