Наурызнама онкүндігі аясында бүгін өңірлердегі барлық білім беру мекемелерінде ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті. Мәселен, Ұлытауда балуандар белдесіп, Жаңаарқада аударыспақтан үздіктер анықталды. Жезқазғанда тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тартыс пен дәстүрлі садақ атудан жарыс болды. Ұйымдастырушылар: «Ұлттық спорттың насихаты бір күнмен шектелмейді»,- дейді. Өңірде ұлттық спорт түрлері мектебі жұмыс істеп тұр. Болашақта ат спорты инфрақұрылымын дамыту мақсатында үлкен атшабар құрылысы басталады.
Дидар Мүтәліп, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
-2024 жылы Жаңаарқада ұлттық спорт түрлері мектебін ашқан болатынбыз. Ол жерде ұлттық спорттың барлығы бар. Бұл жерде қатысу өте жоғары деңгейде деп айтуға болады. Қазақ күресінен, садақ атудан, қол күрестен, арқан тартыстан, қой көтеруден.
Ал оралдық оқушылар құрастырған роботтар асық ату мен арқан тартыстан, ақсүйек пен қыз қуудан сайысқа түсті. Дәстүрлі чемпионаттың биылғы ерекшелігі роботтар қазақтың дәстүрлі ойындарын заманауи технология арқылы орындайды. Батыс Қазақстан облысында 1200-дей бала робототехника үйірмелеріне барады. Ауыл мектептерінде де балалардың жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасалған.