Ұлттық спортты дәріптеу қалай жүріп жатыр?

  • 7
  • 20.03.2026, 21:49

Наурызнаманың онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Қазақ халқы үшін ұлттық спорт тек ойын емес, ол ата-бабадан қалған мұра, рух пен намыстың нышаны. Бүгінде елімізде ресми 11 ұлттық спорт түрі тіркелген. Оларды дамыту, дәріптеу жағы қалай жүріп жатыр?

Бүгінде Қазақстанда ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысатындардың саны 640 мыңнан асады. Көрсеткіш бойынша көш басында тоғызқұмалақ тұр. Математикалық есепке, логика мен стратегияға негізделген зияткерлік ойынды 200 мың отандасымыз кәсіби түрде игерген. 157 мың қатысушымен екінші орында қазақ күресі тұр. Ал үздік үштікті асық ату түйіндепті. Бұл спорт түрімен 107 мың адам айналысады. Тақымын қысқан 90 мың жігіт көкпар тартады. Жамбы ату мен құсбегілік тізімнің соңына орналасыпты.

Алданұр Құрманбаев, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директорының орынбасары:

- Солтүстік Қазақстанда тоғызқұмалақ спорт түрін қатты дамытқан. Павлодар облысында біраз әлем чемпиондары бар. Енді ат спортын айта кететін болсақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу спорт түрлері болса, Оңтүстік аймақтарында аса жоғары дамытып сол жерде біраз жетістіктері жоғары оқушылар тіркеліп тұр.

Ұлттық спортты дәріптеу және сақтау, дамыту мақсатында тұрақты іс-шаралар өткізіледі. 2025 жылы 80 жарыс ұйымдастырылған. Оның ішінде 6 әлем, 9 Азия чемпионаты бар. Ұлттық құрама мүшелері ел қоржынына 92 алтын, 60 күміс, 71 қола медаль салған. Биылғы жоспар қандай?

Алданұр Құрманбаев, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директорының орынбасары:

- Атап өтетін болсақ, қазақ күресінен Азия кубогі өтеді жастар, жасөспірімдер арасында. Және тоғызқұлақтан әлем чемпионаты өтеді. Енді ең бастысы 2026 жалпы біздің ұлттық құрама команда 6-шы көшпенділер ойындарына дайындық жүріп жатыр. Ол көшпенділер ойындары Қырғыз республикасында өтеді.

Бүгінде Қазақстан бойынша 21 ұлттық спорт мектебі, 26 спорт клубы бар. Әр аймақ өз ерекшелігіне байланысты ұлттық спорт түрлерін қарқынды дамытуда. Соның ішінде Түркістан, Жамбыл, Алматы, Ұлытау сынды өңірлер көш бастап тұр.

Ердәулет Ыбырайұлы, Мейірбек Бесбаев