Асық атудан тарихи нәтиже тіркелді. Ұлттық спорт күні Түркістанда мыңнан астам адам бір сәтте асық атып, рекорд орнатты. Сондай-ақ осы спорт түрінен Азия кубогы өтіп жатыр. Бәйгеде бақ сынауға Өзбекстан, Пәкістан, Моңғолия, Түркия сынды елдердің спортшылары қатысуда. Тұранның төрінде аумағы 100 гектарға жуық атшабар ашылып, көкпар, жамбы ату сынды бірнеше спорт түрінен халықаралық жарыстар өтіп жатыр.
Бұл бағында құс сайрап, жасыл желек жайнап тұрған Түркістан. Күннің шуағы молынан төгіліп, жұртшылық сол нұрға жылынып мәз-мейрам. Осынау мамыражай кезде қасиетті мекен халықаралық спортшылардың басын қосып отыр. Бүгін Тұран төрінде бір мезетте 1000-нан аса адам асық атық атып, Қазақстандағы Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Мамандардың айтуынша, бұл Әлемдік рекордпен пара-пар.
Эльмира Жанғазиева, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:
-Көнеден келе жатқан ұлттық ойын. Балаларға бір уақытта ойнап үйрету, асық ойнына шақыру, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіру, сонымен қатар асық ойнау балаларды бірлікке, татулыққа, дос болуға шақырады. Сол мақсатта осы шараны ұйымдастырып отырмыз.
Түркі әлемінің рухани астанасы саналған шаһар ұлттық спорттың да халықаралық орталығына айналып отыр. Жаңа бой көтерген көпфункциялы атшабарда көкпардан Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұл ел спорты үшін тарихи оқиға.
Жанысбек Саев, Түркістан облысы балалар мен жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің директоры:
- 9 мемлекеттен қатысып, топқа бөлініп, топтық ойындар бүгін бітеді. Қазір ақтық кезеңге Ауғанстан мен Өзбекстан ойнап жатқанын көріп отырсыздар. Есеп 2:1. Өте қызықты, тартысты ойын болып жатыр. Жаңа ғана Ресей мен Қазақстан ойнап, Қазақстан ақтық кезеңге жолдамасын алды.
Аттила Хоттак, Венгрия этноспорт федерациясының президенті:
- Бізді өте жақсы қарсы алды. Халық ашық-жарқын, кеңпейіл екен. Қазақтардың жылқыға деген сүйіспеншілігін көріп, бас шайқадық. Қазақстанның ұлттық спортқа баса мән беріп отырғаны қуантты.
Тұлпарлардың дүбірі жиылған жұрттың делебесін қоздырып, ұлттық спортты алға оздырды. Іле-шала жамбы атудан да жарыс басталды. Құралайды көзге атқан сұр мергендер бас жүлде үшін барын салуда. Олардың ішінде еліміздегі жамбы ату шебері Батыр Бексауыт та бар. Ол жақында ғана АҚШ-тағы додада топ жарып, жамбы атудан рекорд орнатып келді.
Батыр Бексауыт, жамбы ату шебері:
- Бүгінгі сайыс өзіміздің қазақ стилі. Аспанда ілініп тұратын жамбыны атты скоростьімен барып ату ғой. Қарсылас команда олар баяғыдан қарсылас боп келе жатқан балалар, жақсы танимыз, олар да өте мықты. Арасында менімен Америкаға барып келген спортшылар да бар.
Маусым айында өлкеде алғаш ескек есуден Азия чемпионаты өтеді. Ел чемпионаты наурыз айынан басталып кеткен. Былтыр ғана ашылған заманауи ескек есу арнасының игілігін көріп жүрген спортшылар үшін бұл нағыз қолдау болып отыр.
Бұл табиғи су көзі жоқ аумақта орналасқан әлемдегі жалғыз нысан. Су Кентау маңынан 30 шақырымдық арнайы жолмен жеткізіледі. 2 миллион текше метрге жуық суды әрдайым мөлдір күйінде сақтау үшін мұнда сүзгілеу жүйесі орнатылған. Бұл технология суды оттегімен байытып, жазғы аптапта да қалпын сақтауға мүмкіндік береді.
Ғалымжан Құдияров, Түркістан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Бүгін Наурыз мерекесіне орай Түркістан облысында Түркістан атшабары ашылып жатыр. Көкпардан әлем чемпионаты, асық атудан әлем кубогі, Азия кубогі, Азия чемпионаты, осының барлығы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан жағдайы бар.
Екі дүние есігі, ер Түріктің бесігі саналған киелі Түркістан бүгінде қайта түлеуде. Өз алдына отау тігіп, облыс мәртебесін алған 8 жылдың ішінде өңірдің экономикалық өсімі 114 пайызға жуықтаған. Шалғай ауылдарға дейін толық ауыз сумен қамтылып, 33 елді мекенге газ тартылған. Оған қоса 83 әлеуметтік нысан қолданысқа берілген. Алдағы үш жылда облыс 111 инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ.
Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Досхан Қораз.